Өлеңдер ✍️
АҚ ТАҢДА АЛАТАУ БОП ТҮРЕГЕЛЕМ
Қуаныш, қайғысы бар жас парлаған,
Бұл өмір тарау-тарау дастан маған...
Белгісіз қайда барып құятыны,
Мен жаңа тас бұлақпын басталмаған.
Басталғам... бірақ та ешкім байқамаған,
Самал жел шалғынымды жайқамаған.
Алапат арынымды түсінбейді,
Дауылдар айдынымды шайқамаған.
Гүлімді солдырмайтын жаз бар қыстай,
Бұл дәурен алаулы шақ – маздар тұстай.
Ешкім де шулата алмас орманымды,
Көліме көңілімнің қаздары ұшпай.
Арнасы бір өзеннің омырауым,
Сан күткен ағыстардың жамырауын.
Ақ таңым оянады даң-дұң қағып,
Көгіне ілген аспан қоңырауын.
Жазамын сәуле тілмен жыр шумағын,
Қыз төсек – құс сайратқан сыршыл бағым.
Атылған жанар таудан құйылды ма,
Кеудемде жүрген мынау бір шулы ағын.
Жүгірмес бұл шулы ағын жаңсаққа ұйып,
Жүрген жоқ және заңғар аңсап биік.
Мен білсем басын таудан алған бұлақ
Мұхитқа жатушы еді ән сап құйып.
Түндігін көк жиектің түреді өлең,
Қозғалып жанарымда жүреді әлем.
Дала боп түнге қарай қисайып мен,
Ақ таңда Алатау боп түрегелем.
***
Мен туғанда бар асылын сый еткен,
Күйші далам жүрегіме күй еккен.
Бұл табиғат мерген болып өссін деп,
Маған садақ жасап берген сүйектен.
Құба белдің көз жүгіртіп жонына,
Сосын қарап тұрам жүрген жолыма.
Серттен тайса басын шапсын дегендей,
Бұл табиғат семсер берген қолыма.
Тұяғымен таптайтындай тулақты,
Бұл кеудемде құлын жүрек тулапты.
Менің екі тумағаным секілді
Тұлпарым да тумапты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter