11.03.2022
  863


ЖЫЛ БАСЫ

«Пәлен күні жылды қарсы аламыз. Жылды кім бірінші көрсе, сол жыл басы болады» деген хабар жан-жануарларға, төрт түлікке тарағалы бәрінің тынышы кетті. Жер бетінде не көп, жан-жануар көп, бірақ жылдың лимиті 12 ғана екен. Қалғаны құр қалады. Сол үшін жылды бәрінен бұрын көру керек.


— Түйе тұрғанда басқамызға үміт жоқ, — деді ешкі.


— Неге түйе?


— Бойы ұзын ғой. Бірінші көреді.


— Одан да ұзын керік бар ғой.


— Керік бармаймын депті. Жыл дегеннің не екенін түсінбейді-мыс.


 


Мынадай қызық болған. Аңдар анекдот айтып өзара күліп жатса, керік қана күлмепті. Бәрі күліп болғасын ғана солқылдап күліп жатыр дейді.


— Е, неге күлесің?


— Бағанағы анекдот өте күлкілі екен де.


Бойы ұзын ғой. Анекдоттың мағынасы құлағынан кіріп, жүрегіне жетем дегенше бірталай уақыт өтіп кеткен.


 


Керіктің қазіргі халі осы. Жылдың не екенін әлі ұққан жоқ. Миы  қорытам дегенше көп уақыт керек. Әйтпесе жылды қарсы алуға барар еді.


 


Жылды қарсы алатын күн де жақындап келе жатыр. Тышқанның баратынын естіген піл табанда "барамын" деген ойынан айныды. Түйе тіпті тәкаппар. Жылды қарсы алатын күн жақындаған сайын ешкіммен сөйлеспей қойды. Сөйлесіп ақымақ деймісің? Жыл басы болайын деп жатқан адам көрінгенмен сөйлесе беріп, құнын кетіру деген не пәле?


 


Жылқыда да уайым бар. Баяғыда жаратқанға «мені бұдан да биігірек, аяқтарымды ұзындау қып өзгертші. Сосын мына желкемдегі жалымды құрт. Құлақтарым да салпақ, ұнамайды, бұны да өзгерт. Арқам күдірейіп тұрсын, қаһарлы көрінейін» деп арыз айтқан. Тәңірі тілегін екі  етпей, жерге түйені түсірген.


— Міне, сен сұраған сипат осындай. Бола ма? Осылай өзгертейін бе? — дегенде шоршып түскен де, зәресі қалмаған. Содан бері жылқы атаулы түйені бірінші көргенде орнынан қозғала алмай, қатып қалады екен.


Енді сол түйе жыл басы болмақ. Бойы ұзын, бірінші сол көрмегенде кім көреді?


 


Жылды қарсы алушылардың арасында кім жоқ, сиыр, барыс, жылқы, тауық, ит… Бұлар ғой мейлі, анау ұлу, жылан, тышқандарға не жоқ? Олар неменесіне сеніп келіп отыр? Бой да жоқ, сымбат та жоқ, әйтеуір ілініп-салынған тіршілік иелері. Түйе мырс етті.


 


Түйе мырс етті. «Босқа әуре болмаңдар, мен тұрғанда жыл басы болу ешкімге бұйырмайды» деген ойға беріліп, жылды бірінші боп көретін сәтке жеткенше тағатсызданады. Тіпті сол арманына жеткенше мың түрлі тәтті ойларды, абыройды армандап, түнде де ұйықтамайтын болды. Ұйқысы қашты. Бірақ ұйқы шіркін қойсын ба. Бәрібір орап алады. Шамаңды келтірмейді.


 


22 наурыз ба еді, ешкімнің есінде қалмапты. Жыл көрінетін таң да жақындады. Биік жотаның үстінде «жыл басынан» үміткер тіршілік иелері иіріліп тұрып алған. Ана таудан асқан күнді бірінші көрген жануар мәңгілік жыл бастауы болмақ.


 


Түйенің жағдайы қиындай бастады. Неше күннен бері ұйқы баласын көрмеген байғұс есіней берді. Жоқ, ұйықтамау керек! Жыл басы атанып ал, сосын неше күн қорылдаса да мейлі. Тек бүгін емес. Кірпігі ілініп бара жатып селк етеді де, жан-жағына қарайды. Дүние әлі таң шуағына бөленбеген. Сөйтеді де, шығыстағы таудың шыңдарына көз салады. Шығар күнді қойнына жасырып, онысын ешкімге айтқысы келмегендей тау үнсіз. Жоқ. Қазір таң атпайды. Тезірек атса ғой, көсіліп бір ұйықтар еді. Қол созым тұрған абыройдан көз жазып қалғысы келмегендей, тұла бойын баурай түскен ұйқыға берілгісі келмеген түйенің мазасы қашып-ақ кетті.


Ары қарай не ойлағаны есінде жоқ. Таудың етегінде жыл жасырынып жатыр дейді. Түйе салпақтап жетем дегенше кішкентай бір мақұлық әлгі жылды тауып алып, жұлқылап жатыр дейді. «Мен көрдім бірінші!» деп шиқылдапты мақұлық-тышқан. Бұл селк ете қалған. Абырой болғанда, түсі болып шықты. Бәсе, жылды бірінші боп бұл көруі керек қой. Түсі болғанына қуанғысы келді.


Бірақ қуануға да шамасы келмеді. Жантақ қуалап жүр ме, әйтеуір бір сұмдық шым-шытырық дүние. Жантақ деген ешкімге керек болмай қалған ба, әйтеуір жалғыз өзі жұмақ мекенде жаны кіріп жайылып жүр екен.


— Әне! Анау! Көрдім!


Мына дауыстың ащысын-ай. Рахаттанып жантақ та жегізбеді-ау. Бұл қай мұндар екен?


Тышқан екен. Түйе оянып кетті. Бағанағы жантақ та жоқ, ғажайып әлем де жоқ, кәдімгі жота басында мақұлықтармен жыл басын қарсы алуға жиналғаны енді есіне түсті.


— Жылды мен көрдім!


Оңбаған тышқан мұның өркешіне шығып алып шиқылдап жатыр. Жерден жеті қап ірімшік тауып алғандай тым көңілді.


— Мен де көрдім.


Бұл сиырдың даусы еді.


— Мен де.


— Мен де.


— Мен де.


Жануарлар бірінің сөзін бірі қайталай жөнелді. Түйе енді есін шындап жиды. Сөйтті де:


— Мен де, — деді.


Кешігіпті. Сәл ғана кешігіпті. Он үшінші боп айтыпты. Ең аяғы жорғалаған жылан да, аяқ асты боп жататын жаман ұлу да мұның алдын орап кетіпті…


Өзегін өкініш өртеген түйе тұрған жерінде шөге кетті. Шығыстан арайланған наурыз таңы дүниені демде-ақ кереметке бөлеп, айнала ақырындап құлпыра бастады.


Мына ғажайыптың біреуі де түйені елітпеді. Жиналғандар асыр салып, жаңа жылды тойлай бастағанда, түйе ақырындап ол жерден жылыстай берді…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу