Өлеңдер ✍️
Асыға берем
Өмірде менің көздеген
Шоқысы биік шыңым бар.
Жасырып жүрген өзгеден
Аяулы арман, сырым бар.
Жүрсем де қай кез, қай жерде,
Түседі сол шың көзіме.
Төккендей нұрын ай жерге,
Тартады дәйім өзіне.
Тұлғасын түзеп, сыланып,
Сәулеті болған маңайдың.
Сол шыңнан сөнбес нұр алып,
Қайта да қайта қараймын.
Қараған сайын қадалып,
Жүректе лаулап жанады от.
Керемет бір күш бары анық,
Қарамасқа ешбір шама жоқ.
Маягім менің сол шыңым,
Алыстан оты ымдаған.
Талабы таудай жолшымын,
Талпына түсіп тынбаған.
Қияға сол бір көздеген
Асыға берем, асыға.
Сырымды бүгін өзгеден,
Жасыра берем, жасыра.
Желден де оны қызғанам,
Алмасын деймін мазасын.
Ұйкысын тәтті бұзбаған
Тілеймін түннің тазасын.
Бұлттан да оны қызғанам,
Түспесін деймін көлеңке
Көрініп тұрса құз маған,
Жаным бір жайлау, кең өлке.
Жақындап келем, жақындап,
Меншіктеп өзің күн бұрын.
Тұратын түсін алтындап,
Тілеймін жалғыз күн нұрын.
Қияға сол бір көздеген
Асыға берем, асыға.
Қаруым – өткір сөз-берен,
Шығамын шыңның басына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter