Өлеңдер ✍️
Күмбез
Керімсал кербез дала керіледі,
Күй болып күмбір қағып төгіледі.
Мұнартып мұнаралар мың жыл тұрған,
Көз тартып қия белден көрінеді.
Ерекше соның бірі биік тұрды,
Еңсесі көк төсіне тиіп тұрды.
Құрметтей біле білген қашаннан да,
Бұл қазақ бақи болған сүйікті ұлды.
Қиырсыз құлан жортпас құм арасы –
Болды екен сірә кімнің мұнарасы?
Адамның перісі ме, серісі ме? –
Белгісіз жолаушыға бұл арасы.
Қорғаған елін жаудан батыр ма екен?
Жырлаған ұлылықты ақын ба екен?
Саралап әлем сырын тауыса алмай,
Әлде бір ғалым бабам жатыр ма екен?
Әйтеуір кім де болса тегін емес,
Өмір бұл өшпейтұғын – өлім емес.
Ғасырдан ғасырларға жалғасады,
Халықтың ғұмырынан беріп елес.
Шағылып шағыл құмда күн көзіне
Аударған ел назарын күнде өзіне,
Қараймын қасиеттеп басымды иіп,
Қадірлі бабалардың күмбезіне.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter