Өлеңдер ✍️

  07.03.2022
  101


Автор: Абдрахман Асылбек

Туған жердің алабы

Туған жердің алабы
Тұла бойды тербеген.
Серік болып самалы,
Желпіндірген желменен.
Құлдыраған қояны
Кесіп өтіп көлденең,
Құлақ тіге қояды
Қыр басынан көк дөнен.
Жусан жапқан жоталы
Қызыл күрең құм белдер.
Бақырауық боталы
Іркес-тіркес інгендер.
Қоралы қой қозылы,
Үйірлер мен табындар.
Бәрінің де өз үні
Өзіндік бір сарын бар.
Көк белдерден көделі
Көтеріліп бозторғай,
Керемет күй төгеді
Бір орыннан қозғалмай.
Жүрегіңе ең жуық
Бабалардың мекені.
Сағым буып, жел қуып,
Бұлдырайды бөкені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу