Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
05.03.2022
135

Қайда жүрсің, көктемім
Көркем едің –
Қиғаш қара қас едің.
Көркем едің –
Қою қолаң шаш едің.
Елте бердім –
Күлкіңе де мас едім.
Ерте көрдім –
Ол кезде тым жас едің.
Ағаладың –
Алдан қиып өтпедің.
Бағаладың
Сөздерімді көп менің.
Араладым
Алатаудың бөктерін.
Аяладым –
Аяулы шат көктемім...
Өтті жылдар –
Артқан азап аз ба еді?
Өтті мұңдар –
Арайлы таң саз берді.
Өтті ызғар –
Біздің жаққа жаз келді.
Кетті мұз, қар –
Аққу, үйрек, қаз келді.
Алаңдадым –
Тыншымды алып түздегі үн.
Даламда нұр –
Көріп аққу тізбегін,
Таман бардым –
Талмай сені іздедім.
Таба алмадым –
Үмітімді үзбедім.
Ағаладың
Алдан қиып өтпедің.
Бағаладың
Сөздерімді көп менің.
Араладым
Алатаудың бөктерін.
Таба алмадым –
Қайда жүрсің, көктемім?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter