Өлеңдер ✍️

  05.03.2022
  105


Автор: Абдрахман Асылбек

Қиядан қыстағыңа қарап келем

Қиядан қыстағыңа қарап келем,
Қашқалы қанша уақыт тағат менен.
Қасыңа қас қағымда-ақ барар едім
Қағатын болса ұшқыр қанат деген.
Қиядан қыстағыңа қарап келем,
Қозғалмай қойды-ау тегі сағат деген.
Қақпасы қайсы екен деп қалқашымның,
Қалқиған қораларды санап келем.
Қиядан қыстағыңа қарап келем,
Әне бір кім болды екен там әктеген?
Алыстан ақ балтырын жалт еткізіп,
Үйіне кіріп кетті-ау, қап, әттеген!
Қиядан қыстағыңа қарап келем,
Кеудемде тулайды бір қанатты өлең.
Қияннан күйіп-жанып жеткенімде,
Қарсы алсаң болды жылы қабақпенен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу