Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  127


Автор: Абдрахман Асылбек

Емен

Арпалысып, алысып,
Күзгі желмен гулеген,
Қасарысып, қарысып,
Жапан түзде тұрды емен.
Қатал тағдыр көнді ме,
Көрсетем деп күшімді.
Түнере кеп төнді де,
Жапырағын ұшырды.
Қалды жалғыз сұр бұтақ,
Гүл желегі төгіліп.
Қайғы тартып тұр жұтап,
Емен сорлы егіліп.
Көре алмайсың басынан
Бұлбұл түгіл торғайды.
Өтсе де ұшып қасынан,
Бөгелмейді, қонбайды...
Егілме, емен, егілме,
Күз де, қыс та жоғалар.
Күз күлімдеп көгінде,
Көктем қайта оралар.
Құшағыңа толтырып,
Құшақ-құшақ гүл төгер.
Бұтағыңда отырып,
Бұлбұл сонда күй төгер.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу