Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  227


Автор: Абдрахман Асылбек

Араздасқан ағайындарға

Отырайық, ағайын,
Туысқан боп, туған боп.
Ашып жанның сарайын,
Таң-тамаша, думан боп.
Бірімізге біріміз
Қадырменді аға боп.
Төгіліп ән, жырымыз,
Елтірі топ, жаға боп.
Бірімізге біріміз
Ілтипатты іні боп.
Күлім қағып күлеміз,
Қырдың қызыл гүлі боп.
Бірімізге біріміз
Араздықты азайтып,
Жараспай ма мұнымыз.
Отырыссақ наз айтып?
«Алтау ала болғанда,
Ауыздағы кетеді».
Ұйысып бір қорғанға,
Ұғыныссақ не етеді?
«Төртеу түгел болғанда,
Төрге басың жетеді».
Ұқсап жасыл орманға,
Жайқатылсақ не етеді?
Ашып жанның сарайын,
Таң-тамаша, думан боп,
Өтейікші, ағайын,
Туысқан боп, туған боп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу