Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  344


Автор: Абдрахман Асылбек

Сөгетінің сұлуы

Сөгетіде бір қыз бар,
Қыз емес-ау, жұлдыз бар.
Ауылдың бар жігіті
Сол сұлуға ынтызар.
Айдай әппақ қабағы,
Жанған оттай жанары.
Кеудесінде керілген
Арман таудай анары.
Ауыл түгел мақтайды,
Бойынан мін таппайды.
Жігіт біткен жаутаңдап,
Тілдесуге батпайды.
Дауаламай жүрегі,
Төңіректеп жүреді.
Сол сұлудың керемет
Шешендігін біледі.
Жалын атқан Жұмахан,
Оны мен де ұнатам.
Сол сұлудың күлкісі –
Әр көңілге құба таң.
Айтып әсем ән талай,
Жүре тұрсын қалқам-ай.
Қызды ауылдың қызығы
Тұра тұрсын тарқамай.
Аялаған алақан,
Аяулы бір балақан.
Ұшпай қоймас бір күні
Ұядағы балапан.
Кетпей қоймас кетер қыз,
Сонда біздер не етерміз?
Аққудай сол аруды
Армандаумен өтерміз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу