Өлеңдер ✍️
Ақ қыз
Сенің мінсіз тәніңді
Болар еді не десем?
Әппақ қарға кәдімгі
Жетер ме еді, теңесем?
Қар дегенің немене?
Суық зат қой, жансыз ғой.
Қардан әппақ денеге
Ол теңеуім әлсіз ғой.
Сенің балғын тәніңді
Болар еді не десем?
Әппақ сүтке кәдімгі
Не етер еді теңесем?
Сүт дегенің немене?
Сұйық зат қой, жансыз ғой.
Сүттен әппақ денеге
Ол теңеуім әлсіз ғой.
Болар еді не десем?
Ақ мақтаға кәдімгі
Болар ма еді теңесем?
Мақта деген немене?
Жұмсақ,
Бірақ, жансыз ғой.
Мақтадан ақ денеге
Ол теңеуім әлсіз ғой.
Сенің мәрмәр тәніңді
Болар еді не десем?
Аққу құсқа кәдімгі
Болар ма еді теңесем?
Сенің жарқын жаныңды
Болар еді не десем?
Әппақ нұрға кәдімгі
Өтеледі теңесем.
Әппақ толқын шашыңнан
Жібек көрем төгілген.
Бір сипамай басыңнан,
Не табар ем өмірден?
Көздеріңді көгілдір –
Түпсіз терең көл дер ем.
Қанып ішпей сөлін бір,
Өмір бақи шөлдер ем.
Сенің сұлу тұлғаңды
Қайың дер ем бұралған.
Сендей ару бір жанды
Сүйіп өту – шын арман.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter