Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  220


Автор: Абдрахман Асылбек

Қыз бен жігіт келе жатыр

Қыз бен жігіт келе жатыр,
Түн іші,
Кібіртіктеп өнбейді бір жүрісі.
Ыстық демдер,
Ынтық сөздер үздіккен,
Талықсиды тарылғандай тынысы.
Ойларында асыл арман, ізгілік,
Ер жігітке еркелейді қыз күліп.
Монтаны бір мөлдір көзді елікті
Отты құшақ бара жатты қыздырып.
Қатар өскен қос құрақтай түйісіп,
Қыз бен жігіт тұра қалды сүйісіп...
Бөгел, достым,
Сабыр ақта сәл ғана,
Мазалама махаббатқа тиісіп.
Қызықтағын,
Кәрі болсаң, қызғанба,
Қарлығаштың ұясын жан бұзған ба?
Жүрек жыры жырланады жастықта –
Соғу керек темірді тек қызғанда.
Тілектес бол, жалындаған жас болсаң,
Айналып өт, мазалама, мас болсаң.
Маздасын да, маужырасын махаббат,
Мамыққа айнал, тебіренбес тас болсаң.
Сеп сәулеңді, күлімдеген күн болсаң,
Тамылжай қал, тұнжыраған түн болсаң.
Ұмыт бір сәт қастандық пен қастықты,
Жаны сүймес жақсылықты сұм болсаң.
Түсін, достым, болса жылы жүрегің,
Олар – сенің шығар шыңың, тірегің.
Жұбайлардан құралады ұлы елің,
Мен, Сен және Ол деп біле біл.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу