Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  197


Автор: Абдрахман Асылбек

Алып тұлға Абайым

(Абайдың 150 жылдық тойында)

О, ағайын, ағайын,
Домбырамды қағайын.
Ұлы тойдың тұсында
Тау суындай ағайын.
Атқан таңдай арайым,
Асыл сөзді сарайым.
Жүз елуге толыпты
Алып тұлға Абайым.
О, халайық, халайық,
Өткен күнге қарайық.
Бабаларды айбынды
Бағымызға балайық.
Жарық күні қарайып,
Қиналғанда халайық,
Ел намысын жырлаған
Абай әнін салайық.
Асқақтаған үніммен
Шарықтайын бүгін мен.
Жоғалғаным оралып,
Өлгендерім тірілген.
Бой жазылып бүгіннен,
Қайғы бұлты түрілген.
Қазақпын деп мақтанам
Абай жазған жырыммен.
Шалқып атқан таңым бар,
Шалқып жатқан әнім бар.
Салтанатым, сәнім бар,
Кір шалмаған арым бар.
Досқа жақын жаным бар,
Өріс толы малым бар.
О, жарандар, басайық,
Абай тойын жасайық.
Ән мен күйді ақтарып,
Жырдан шашу шашайық.
Шабыттанып, шаттанып,
Тау суындай тасайық.
Армандарды ақтарып,
Асулардан асайық.
Ақыл жиған қоймадан,
Абай асқақ ойлы адам.
Батыс пенен Шығыстың
Біліміне бойлаған.
Бастың қамын қоймаған,
Ел мүддесін ойлаған.
Ұлы тойын бабамның
Әлем болып тойлаған.
Қуанышқа кенелдім,
Қуанышқа бөлендім.
Ұлы Абайдың тойында
Келмейді бір бөгелгім.
Мақтанышы ен елдің,
Ақылы асқан зерендім.
Атышулы Абайым –
Пайғамбары өлеңнің.
О, туғандар, туғандар,
Таң-тамаша қуғандар.
Тойға ұласып тойларың,
Таусылмасын думандар.
Құтты болған халқыма,
Абай ата даңқына
Тойдың шашып шашуын,
Жар саламын жалпыңа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу