Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  300


Автор: Қасым Аманжолов

ЖАН СӘУЛЕМ

(Романс)
Жан сәулем, сағындым ғой көптен көремей,
Сен неге мен кеткенде қалдың ермей.
Баурында Баянаулы, Көкшетаудың
Жүрдім ғой елегізіп ескен желдей.
Жан сәулем, қарақат көз құралайым,
Шолпаным шығыстағы, күнім, жаным,
Толықсып құшағыма келші, жаным,
Құшайын сүйейсін де, жыр жырлайын.
* * *
Ғашық едім, қайтейін,
Кеттің аулақ алыстап.
Айтып айтпай не дейін,
Жоқ қой енді табыспақ.
Жүрекке арман орында,
Қосыла алмай, көп жылап.
Тілегенім болмады,
Сол батады-ау жалғыз-ақ.
Қайда жүрсең аман бол,
Өміріңді тілеймін.
Сенен басқа, сертім сол,
Ешбір жанды сүймеймін.
Ашу, ыза аралас
Ренжіткен болсам сені егер.
Өкпелеме, жарамас,
Бар кінәмді кеше гөр.
Ғашық едім, қайтейін
Оны білер жан қайда?
Арманда боп өтейін,
Армансыз боп не пайда.
Жалғыз ғана тілегім
Көкірегімнен кетсін мұз.
Жылып қалсын жүрегім,
Ақтық рет бір сүйгіз.
10 апрель. 1940




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу