Өлеңдер ✍️
Сұлтанмахмұт туралы баллада
Бауырында Баянаулы жалғыз қорған
Қиырдан жолаушыға аңыз болған.
Күзетіп күндіз бүркіт, таңда бұлбұл,
Түн болса тұғыр етіп байғыз қонған.
Тыным ап сол қорғанда тұрған жым-жырт,
Жамылып жиырма жылды жатыр Махмұт.
Күндердің күніңде бір сол молаға
Керісіп келе жатты екі жігіт.
Молаға екі жігіт келіп жетті,
Біреуі ақын еді от жүректі.
Сұлтанның қабырына гүл орнатып,
Көзінен жас домалап дәуеп етті.
Мелшиіп тұрды анадай екіншісі,
Әруақтай мола кезген сұп-сұр түсі.
Ербеңдеп кең дүниеде жүрген біреу,
Болғанмен сыртқы күмбез,қуыс іші.
Жамандап өлген жанды кәсіп еткен,
Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен.
Ақынның моласынан бір мін тауып,
Жамандап қайтуға оның есі кеткен.
Жол бойы екі жігіт көп ұрысқан,
Мейірімсіз бір-біріне болған дұшпан.
Елсізді елеуретіп айтысты кеп,
Ұялмай тауда аңнан, көлде құстан.
Бір айтты: - Сұлтанмахмұт тірі, - деді,
Мәңгілік өлмес жанның бірі деді,
Қазақтың кең даласын аралап жүр,
Өзіндей өжет оның жыры,- деді.
Бірі айтты: - қателеспе, өлген, - деді,
Жырын да, өзін де оның көмген,- деді.
Болған соң өзі дұшпан, сөзі арам,
Тарихқа жазып солай бергем,- деді.
Жанжалы екеуінің кетті қызып,
Аң қарап, құстар ұшып етті қызық.
Дүбірі екеуінің жер сілкінтіп,
Соғысты бір-бірінің аузын бұзып.
Толқып су, дүрілдеп тау, қалшылдап тас,
Сұрапыл қабір басы болды айқас.
Жыртылған жаға мен жең желге ұшып,
Бұлттай боп бұрқырады жұлынған шаш.
Ғажайып күн күркіреп,етті жалт-жұлт,
Қабірдің бет тақтайы сынды сарт-сұрт.
От шашып екі көзден, «тоқтаңдар» деп,
Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт.
Екеуі тұра қалды есі кетіп,
Мұздай боп тұла бойы,дір-дір етіп.
Қорыққанын екеуінің білгеннен соң,
Сұлтекең амандасты жайлап жетіп:
- Жігіттер, қош келдіңдер, жоғарылат.
Рахмет,ұмытпапсыз ер азамат.
Жанжалыңыз азырақ болды-ау ағат.
Жас ақын Махмұтқа айтты сырын,
Жолдасы өсек айтып жүргендігін.
Сұлтекең сабырлы ойымен тыңдап болып,
Мырс етіп бір күлді де,деді: ‑ Інім!
Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам,
Өлді деп айта берсін кейбір сайтан.
Қабірді жай қақсаңдар шығамын ғой,
Жүр, баста, жазушылар Союзына
Мүшелік билетімді алып қайтам.
Сен жігіт өсек айтып жүргенше құр,
Моламды мен қайтқанша күзете тұр.
Деді де қолтықтап ап жас ақынды
Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жүр.
20 май,1940
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter