Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  462


Автор: Қасым Аманжолов

* * *

Семья – шағын мемлекет .
Мен- президент, сен- премьер.
Арттым саған көп міндет,
Премьер жолдас, бер пример.
Мен тыңдар деп селт етпес,
Ескіліктің уағызын.
Сен орында, екі етпе
Президенттің указын.
Басқара біл үй ішін,
Бердім саған билікті.
Жемісті болса жұмысың,
Мен аяман сыйлықты.
Бар досым да, бар дұшпан,
Сал ойланып ақылға.
Алыстай біл алыстан,
Жақындай біл жақынға.
Жауаптымыз сіз бен біз,
Ұқсын басқа ұқпасын.
Мемілекетке тәуелсіз
Дұшпан қолды сұқпасын.
Көкірегімнің күйі үшін,
Сен еңбек ет мен үшін,
Басқар өзің үй ішін,
Мен жырлайын ел үшін.
Жыр тоқимын көп ойға,
Жетер мекен уақытым.
Мен де ойлаймын, сен де ойла
Балалардың бақытын.
Біздің байтақ еліміз,
Семьялардан құралған.
Елін сүйер, сеніңіз,
Өз семьясын сүйе алған.
Сүй еліңді- үйіңдей,
Сүй үйіңді – еліңдей.
Көкіректегі күйіңдей
Жырыңды жаз ерінбей.
1953




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу