Өлеңдер ✍️
АКАДЕМИЯ
Бір үй маған қарайды қызықтырып,
Терезеде ойнатып күн сәулесін.
Мен де оған қараймын ой құлпырып,
Ашып тастап жанымның терезесін.
Терезеде ойнайды сәби шұғыла,
Күн қызығып қарайды, шығып шыңға.
Нақ сол кезде аяғын басып нығыз,
Аңғарына Алатау ойы сыймай,-
Әлдеқайда қиялы қопарып құз,
Келе жатад сол үйге Қаныш ағай.
Ойлы көзбен бір қарап жан-жағына,
Шығады ол ғылымның михрабына.
Ой мұхитын кешкендей терең бойлап,
Мұхан келе жатады тым асығыс;
Асау арман алыста салып ойнақ,
Ақын қиял,- аспандап ақ сұңқар құс.
Дүние сөзін бойына алған сықап,
Тұлғасын қараймын мен таңырқап.
Нығай басқан аяғын не бір сығай,
Келіп кіріп жатады сол бір үйге;
Қуанамын, тасамын, жерге сыймай,
Сәлем бергім келмейді Фердаусиге,
Өмірімнің тереңін, биігін де
Сол бір үйге барып мен көрем күнде.
Бір жетім ұл қалған- ды Самұраттан,
Қой бағам деп, ой баққан құбар жонда;
Ой бағам деп, қозыны жамыратқан;
Неі сонда ойлаған, нені сонда?!
Тон орнына сол бүгін том көтеріп,
Келе жатыр.
Қуанам соны көріп.
Академик емеспін, тек ақынмын,
Мәз боламын, сол үйге сырттан қарап...
Келешегі күлімдеп, өз халқымның,
Жақтауынан сол үйдің тұр сығылып.
Өарсы алдымнан ашылған кең есікке
Кеттім кіріп, асықтым келешекке.
1946
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter