Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  328


Автор: Қасым Аманжолов

БАЙҚАЛ

«Баллада»
I
«Байқал», «Байқал» дегенге,
Тұрдым атып орнымнан.
Ұйқылы- ояу денемде
Толқи ақты ыстық қан.
Қызыл вагон есігін
Айқара ашып тастадық...
Соқты самал есіліп,
Ақты бұлақ тас жарып.
Торғын тұман жамылып,
Байқал жатты көсіліп.
Таң сәріден сабылып,
Жәрмеңкеге жосылып.
Кернейлеткен көп өзен
Жатты құйып тұс-тұстан.
Ерте оянған Таң жеңгең
Тұрды қарап шығыстан.
Ой тастап бір Байқалға,
Ғашық болған Таң сұлу.
Айнала асқар тауларға
Қойды қадап алтын ту.
Шіркін, Байқал, Байқал деп,
Біз келеміз шарқ ұрып.
Кең бір дүние көкпеңбек
Әлде қайда шақырып.
Алыс сапар асығыс,
Аялдауға жоқ мұрша.
Сықылданып таңғы түс,
Қалмақ па бұл тамаша?
II
Шіркін, Байқал, Байқал! деп,
Кете бардым, ән шырқап...
Байқал бір сыр айтар деп,
Бір тоқталып, бір тыңдап.
Ұшты құстар көңілімнен,
Жанымда жыр толғадым.
Шымылдықтай төгілген
Араладым орманын.
Аспанменен егескен
Бастым зәулім шыңдарын.
Күркіреп көкте кеңескен
Бұлттың сөзін тыңдадым.
Өр толқынмен ойнадым,
Қақтым ұшқан құстарын.
Шолп-шолп еткен шортанын
Шоқтығынан ұстадым.
Жаттым бір кез ққмартып,
Салқын самал сайында.
Би билеттім бұралтып,
Ақ балтырлы қайынға.
Бұлт жамылып, аң қуған,
Шаңқылдап шың бүркітті.
Шықты бір кез алдымнан
Бурят-монғол жігіті.
Маужыратып көл құсын.
Байқал деп ән шырқатқан.
Тағып шолпан шолпысын
Қыз да шықты бір жақтан.
Байқалдың ор түлкісін
Аңшы берді, алмадым.
Жарқылдатып шолпысын
Қыз шақырды, бармадым.
ІІІ
Арудай жүзі ақ жарқын,
Байқал жатыр- бір мырза.
Қиялымның қанатын
Тасқа соқтым боп ыза.
Баспа қып бір қайқаңды
Бұлт боп төндім торландым.
Құшпақ болып Байқалды
Әуреледім, зорладым.
Сірә, менің қылығым
Болса керек тым ерсі.
Байқал атып тоқынын,
Күлді қатып сілесі:
Кенет таулар жаңғырып,
Аймақ шулап тебіренді.
Мені есімнен тандырып,
Байқал сөйлеп жөнелді.
1943




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу