Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  317


Автор: Қасым Аманжолов

Достар

I
Біз көп едік отырғанда,
Демалыс күн мәжілісте.-
Жау тиді де Ұлы Отанға,
Бұзды шырықты шаңқай түсте.
«Соғыс» деген бір зілдей сөз,
Кетті басып еңсемізді,
Ап-ауыр ғып түсіртті тез
Қолымыздан кесемізді.
Сағасында домбыраның
Сыңсыды да үзілді күй.
Ауыртты да ақын жанын,
Тынды сұлық қайран «Мәди».
Күлкі ерінде қалды қатып,
Қуанышты қуды қайғы.
Ойнасақ та мылтық атып,
Көріп пе едік біз мұндайды?
Айтар сөзін бітірмей жар,
Қарай берді жасы іркіліп.
Кеткендей-ақ қайғы-қанжар
Жар өзегін тіліп-тіліп.
Шала жиып дастарқанды,
Қоштасарда сәл кідіріп.
Сақтаймыз деп Ұлы Отанда,
Қан майданға кеттік жүріп...
II
Жалындаған жалынды өртке
Қотарылдық қара селдей.
Келіп жаумен бетпе-бетке,
Араласып кеттік сеңдей.
Араласып кеттік сеңдей.
Өзенінде қан майданның
Солдат болдық кәдімгідей,
Білер парқын қара нанның.
Сапырылды ерсіл-қарсыл
Жорық жолы - майдан теңіз.
Айлап сынып, таусылды жыл,
Айрылысып қалыппыз біз.
Жүдемедік сонда бірақ,
Жарқылдадық салған жерден.
Жаңа достық алдық құрап,
Шар тараптан келгендерден.
Жауды жауша қарсы алдық біз,
Шынықтырып алдық жанды.
Тулап теңіз, шайқалды құз,
Алдық барып не қамалды!...
Жүрдік аңсап өткен күнді,
Шала жиған дастарқанды,
Кілт үзіліп қалған күйді,
Аяқсыз ән, мұңлы жарды.
III
Жеңдік жауды, алдық кекті,
Мөңкіп тулап, басылды апат.
Мең-зең етіп жер мен көкті,
Тынды-ау ақыр бір ғаламат.
Ескі дозақ орынындай
Қирап, қаусап қалды қала.
«Күміс күмбез, алтын сарай»
Қалды сонан төрт бағана.
Көнбіс ана бұл қара жер
Сезе ме екен мың жарасын?
Сезер болса, едік сүйер
Әр төбесін, әр құз, тасын.
Не деген біз қайратты елміз,
Болса-дағы не ғаламат.
Күліп тұрып көтергенбіз,
Жанымызға жабырқау жат!
Жеңіп жауын, достар үйге
Келіп жатыр жеке – жеке.
Шалқып тағы бастық күйге,
Бейбіт өмір – бір жәрмеңке.
Жайдық қайта дастарқанды,
Қолда ойнатып кесемізді.
Құштық қайта сүйген жарды,
Кім айырар енді бізді!
Домбыраны бұрып қайта,
Құшырлана сүрттік шаңыын.
Бір жарқ етер осындайда
Өткен шағың, болашағың!
Қайта жалғап тарттық біздер
Кілт үзілген көңіл күйін.
Өтті, кетті қатал күндер,-
Көңілге бір тастап түйін.
Көп едік біз, көп едік біз
Демалыс күн мәжілісте.
Біз әлі де көп мәжілісте.
Біз әлі де көп екенбіз,-
Кел, достарым, кеттік іске!
1946




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу