Өлеңдер ✍️
Мәңгі күдік
Атқызғанмен қаншама үміт таңды,
Керуендер қаншама тұрып қалды?
Қуанышты қаншама болғанымен,
Адамзаттың ғұмыры күдік мәңгі.
Ең әуелі қыз-жігіт үйленеді,
Ерлі-зайып тірлікке үйренеді.
Бойға бала біте ме, бітпей ме деп,
Аздан кейін күдікті күйге енеді.
Жұбайының толықсып қос анары,
Білінсе іші жарының, қош алады.
Ата-ана да, өзге де алаңдайды:
«Аман-есен қашан, – деп, – босанады?»
Бала туса бәрінің тілегі боп,
Тілегі боп – сүйенер тірегі боп.
Жылға дейін тағатсыз тосып жүрер,
Сол нәресте қай күні жүреді деп.
Бала жүрсе, шыңдағы шынары боп,
Құлдырайды мөп-мөлдір бұлағы боп.
Сөйте тұра тағы да тағат таппас,
Тілі қашан сәбидің шығады деп.
Тілі шықса баланың, болғаны ғой,
Бастарына бақыттың қонғаны ғой.
Ата-ананың, алайда, аңсағаны –
Жеті жасқа ұланның толғаны ғой.
Жеті жаста тойланар сүндет тойы,
Мұсылмандық қауымның міндет тойы.
Одан кейін – мектептің босағасы,
Кезек күтер куәлік – дүрмек тойы.
Одан кейін танытып табандылық,
Аттау керек ақ отау – табалдырық.
Ата-ананың борышы бітпек емес,
Жеткізгенше баласын адам қылып.
Тіршілікке бет алып асқаралы,
Асулардан асады жастар әрі.
Үшінші адам шыға ма адам болып,
Күдікті өмір қайтадан басталады.
Иә, солай, мәңгілік күдік деген,
Бір сүрініп, бір тұрып, жүріп келем.
Кәрілікті жас ғұмыр жалғастырып,
Үзілмейді ешқашан үміт-берен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter