Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  196


Автор: Елена Әбдіхалықова

Сөз – кие

Әбіш Кекілбаевқа
Ол кісі сөйлесе:
Көк аспан нұрланар,
Көбігі бұрқырап, көк теңіз бұлданар,
тілегі - қыз - көктем тыраулап тырналар,
жаныңда сыр қалар.
Ол кісі сөйлесе:
Қара жер бусанар,
Құбылып соғатын құба жел мұң шағар,
Баянсыз бақытым - бойдағы ар-иман
етегін тұмшалар.
Ол кісі сөйлесе:
Көзіңе жас келер,
Жалғанды жарылқар жасампаз жақ семер,
Ертелеу айрылған есеңді қайтарып,
дұшпаннан бас келер.
Ол кісі сөйлесе:
Құйқылжыр бал тілің,
Естілер ескіден күмбірлеп халқыма үн.
Тегімді танытар жаңғырып салт, ұғым,
теңіздей шалқыдым.
Ол кісі сөйлесе:
Ғасырлар тіл қатар,
Арайлап таң атып, күлімдеп күн батар,
Тегіңді жеп біткен тағдыр да бір қатал
көзіңді құрғатар.
Ол кісі сөйлесе:
өксігің басылмас,
өрлігі оянып, кеуде жоқ тасынбас,
Ол кісі сөйлесе, тарихпен түй құрдас,
қазақпен ғасырлас.
Ол кісі сөйлесе:
Елімнің есі еді,
бас иер уақыт, сарқылып есебі.
Ұраны - көк Бөрі ұлтымның Көсемі –
бағым ғой бес елі!
Ол кісі сөйлесе:
тиылар басқа сөз,
Жаңалық - әр сөзі, жиылар баспасөз,
Періште – Сөз біткен, Ой –Тәңір, ол барда
«дос» та – сөз, «қош» та – сөз!
Ол кісі сөйлесе:
өлгенің тірілер,
дұшпаның сүрініп, қас жауың бүгілер.
Құлқынды, арамза тірліктен түңілер!
теңелер інілер.
Ол кісі сөйлесе:
Ғашықсың – далаға!
Ол кісі сөйлесе:
Асықсың балаға!
Көне жұрт жеткенше биік бір қараға
Қолтығын сүйей бер сөзіңмен, Жан аға!
Өзекте өксіп мұң,
өзіме өзге – ием!
Көп қайғы кештік мың
Тылсымын көзге үйем.
Санамның самалы – сақтайтын езгіден
Сен аман болғайсың, Саңлағым, Сөз – Кием!
2008 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу