Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  108


Автор: Елена Әбдіхалықова

* * *

Жұмыр жердің бетінде,
Тағдыр – желдің өтінде
жарасымды тірлігіңді тәрк етер
құрығы ұзын замананың пиғылы-ай,
Иманы мен ынсабы жоқ ниетінде,
Ар – қорғаны кетілген
Тіліп түсер алдаспандай жарқ етер
туралыққа тумай жатып өкінген,
естісі – үнсіз, ессіздері лепірген
біздің Күнді былық етті-ау бұл Құдай!
Сіздің рух сезеді ме осыны!
Күмбірлей ме кеудеңіздің хош үні!
Жайсаңдар мен жақсылардың жосығы
жылай-жылай алыстады бойымнан.
Менің тілім қалып бара жатыр тек
құлпытаста әкеме арнап ойылған.
Бар ырысым – тілім еді,
Ешкім емен басқаша.
Жайрататын қылыш – сөзім жауымды да жасқаса,
Үміті мол үнім еді
Бабаларым биіктерге бастаса!
Ой – көрігім түңіледі
келешектен, ұрпақтан,
Сылқым әнді естімеймін
сұлулықты шырқатқан,
Кеуделерін жайлап алған жағымпаздық, бұлтақтан
бұйыртатын күн көрісін аяғы сау, сырқат – жан.
Кімге мұңын шағар деп ең
сол ұрпақтың өкілі –
өкіну де, өкіру де бұйырмаған бағына,
көк мылжыңның қуат берген Аллам анау жағына,
қара құрым жұрттан бұрын, қарайлайтын тағына,
Ару күннің қос бұрымы: адалдық пен іңкәрлық
жетімсіреп жылайды әне!
Зұлымдыққа – сұлтандық!
Біздің Ақыл, Ес дегеннің халін сұрап қайтесің!
Жылынады тартып алып төзімімнің көрпесін!
Кімдер үшін қайғырасың, кімнің мұңын шертесің!
Өкінішің өзгені емес, өз ішіңді өртесін!
Құйрық-жалы кесілгенмен,
Кесілгенмен мыйлы бас,
Кеудесінен төгілетін күмбірлеген күй – құлаш,
Адамдықтың қалпын сақтап, сүретұғын ғұмырды,
Біздің тәлім – тектілік ед, туралығы – бұрынғы.
Көріп мендік мағынасыз мынау ғаріп түрімді
“Сен қалай күн көріп жүрсің” деме маған, Қайғы – Ата,
сан мылқаудың ортасында көкірегім сайрата
келем үнсіз,
сөз ұғатын жан табылмай ойлы, Ата.
Қасіретке көңілімді бергеннен бе бойлата,
Күн сүйетін бір қылығым табылмай-ақ қойды, Ата!
Күн көрісім осы менің!
(күн көріс пе бұл өзі?)
маған сірә, үйлеспеді-ау замананың мінезі.
Көкірегімді басып тұрып жалғаншының кіл езі,
Пайдасы не, шыққанымен жарқырауық Күн өзі!?
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу