Өлеңдер ✍️

  28.02.2022
  161


Автор: Елена Әбдіхалықова

Қателік

Жанарлары көкшіл келген сезбес мұң
мен іңірде ібіліспен кездестім.
Алаулаған сезімімді айта алмай,
айдалаға ауытқыған сөз бөстім.
Ол да разы сөздеріме сандалған,
Алыстады көкірегімнен ар-қорған.
Өзегімді жарып шыққан толғатып,
қайран, менің өлеңім-ай, қор болған.
Өксиді ұлып көкірегімде бір әлем,
Өмір, саған, Өлең, саған құмар ем!
Ізгілікті іздеуші еді жүрегім,
Ібіліске жем болдым-ау мына мен.
Мен мұңайсам, ал ол сақ-сақ күледі,
(Сайтандардың болмайды екен жүрегі.)
Бір баю ма олардың да тілегі?
Бір Алла ма олардың да тірегі?
Сөзі тәтті, ісі бұзық пері екен,
Ал, мен болсам махаббатты сөз етем.
Азғыратын айналамда жүгіріп,
Азғындықтың ағайыны көп екен.
Іңір түссе керуенін шайқаған
Ібіліспен іреңдес боп байқағам...
Өз қызым деп қарсы алар ма ең, Ізгілік,
өлең болып оралсам мен қайтадан.
2007 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу