Өлеңдер ✍️
* * *
Мен сан рет сүрінсем де, сен өмір,
түңілдіре көрме мені, тірліктен.
Белгілі ғой жоқтайтыны жыр біткен
белгісіз күн қойылғанда бір нүктең.
Мен мың мәрте қуансам да, сен өмір,
қайғыны да берем деме, соншалық.
бақытыма жүрсе біреу қол салып,
тірлігімнің болмағаны онша құт.
Сағыныштан сарғайсам да, сен өмір,
жазғыруға ырық берме тағдырды.
Жан сырымды бөліспесін жан құрбы,
бір өзім-ақ көтеремін бар мұңды.
Қиындықтан қажысам да, сен өмір,
оңай олжа берме маған, тосыннан.
Отты күнге өлең дерті қосылған,
Өлсем, сірә, өлем шығар осымнан...
Мен күн кешсем күлімсіреп, сен өмір,
қабағыма қатулықты үйірме,
жұртымды аман сақтап сәби күйінде,
жарық күнді жақсылықпен түйінде.
Қылығыңнан безінсем де, сен өмір!
Ертеңдерге жеткізетін Сенім бол!
.... Қоштасарда жүректерден орын бер...
Қимай, жылап тұрса екен көңілдер!
2007 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter