Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.02.2022
132
Талғар
Алыстан арман етіп асқарыңды,
Келемін баяу басып тастарыңды.
Бұлт ойнап ерке қыздың тұлымындай,
Бүркейді дөңгеленген аспаныңды.
Аралап қарағайлы шатқалыңды,
Келемін тамашалап бақтарыңды.
Ұқсатам батырға тән дулығаға,
Көк сүйген көз ұшында ақ қарыңды.
Мұнда жоқ жапан дала атырабы,
Шыңдары шабытымды шақырады.
Ышқынып өзендерің құз түбінде,
Жыландай отқа түскен атылады.
Бір қырат бір қыраттан биік жатыр,
Төбесі зеңгір көкке тиіп жатыр.
Қоршаған айнала құз, жайнаған мұз.
Бетіңді құшырлана сүйіп жатыр.
Қалайша бұрын сені аңғармағам?
Жол аштың таңғажайып, Талғар маған.
Келемін көтеріліп бірте-бірте
Шаңқайған шыңдарыңа жан бармаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter