Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  191


Автор: Абдрахман Асылбек

Бозарық

Армысың, атамекен Бозарығым,
Арындап аға ма әлі өз арығым?
Қашықтап кеткеніме қанша уақыт,
Жыл жылжып жыл артынан, озады күн.
Қалпында қала бермес кешегі күн,
Алымды азамат боп өседі ұлың.
Шөп басып бір кездегі ауыл орнын,
Кетіпті тегістеліп көше бүгін.
Қауқиған қарасынан бейіттердің
Қалдырған көрем ізін кейіпті елдің.
Бозарып жатырмысың Бозарығым –
Байырғы құт қонысы Сейіттердің?
Аса мен Талас өзен аралығын
Қаптаған малың жатыр қара-құрым.
Қарттардың көбі бүгін көрінбейді,
Ақтарып отыратын даналығын.
Көргенде боз даланы алаңдағам,
Орынын ескі үйлердің таба алмағам.
Жалғасып тұрады екен жаңарып ел,
Бозарық басы бүтін жоғалмаған.
Бастаған болашаққа ұлы істері,
Береке, байлық көзі, ырыс кені.
Кәдімгі қала сынды салтанатты,
Батыста бой көтерген Түгіскені.
Туған жер топырағынан күш аламын,
Күш алып, көк төсіне ұша аламын.
Мәңгілік мақтанышым, сағынышым –
Шалқыған шығысында Үшаралым.
Елімде әсерлі күй, ән тынбасын,
Көліңде қаз бен қуың қаңқылдасын.
Бәрі де баяғыдай –
Саялы жай,
Өміршең өзендерім сарқылмасын.
Жыл жылжып жыл артынан озады күн,
Асқарлы арманға қол созады ұлың.
Жасай бер,
Жаңара бер,
Құлпыра бер,
Аяулы атамекен Бозарығым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу