Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  233


Автор: Абдрахман Асылбек

Бұл – менің Қазақстаным

Таулары көкті тіреген,
Басында бұлты түнеген.
Бағында сайрап бұлбұлы,
Даласы қайта түлеген.
Тыңдаған әлем күшті әнін –
Бұл менің Қазақстаным!
Шағала шаңқан ауылдар –
Көңілді дарқан қауымдар.
Жандары жарқын, жайдары,
Баршаға бірдей бауырмал.
Бойында жігер, күш-жалын –
Бұл менің Қазақстаным!
Төрт түлік малы қаптаған,
Теңселтіп жорға баптаған.
Қымыз бен майын кілкітіп,
Қоюлап шәйін ақтаған.
Жоғалтқан жоқтық қыспағын –
Бұл менің Қазақстаным!
Көктемде түскен түйір дән
Мың болып күзде жиылған.
Тоқшылық тойын тойлатып,
Қамбаға қаптап құйылған.
Тамсантқан дос пен дұшпанын –
Бұл менің Қазақстаным!
Алатау, Алтай, Атырау...
Байлыққа тұнып жатыр-ау.
Тимеген тұлпар тұяғы
Қыраттар қанша япыр-ау.
Ақтарған алтын, мыстарын –
Бұл менің Қазақстаным!
Қайда да бүгін құбылыс,
Қайда да бүгін шұғыл іс.
Қала мен дала ұласып,
Қанатын жайған құрылыс.
Жаңартқан көне қыстағын –
Бұл менің Қазақстаным!
Кешегі қазақ қой баққан,
Бүгінгі таңда ой баққан.
Мұхитты кезіп балықтай,
Зымыранын көкте ойнатқан.
Ұштаған ғылым ұшпағын –
Бұл менің Қазақстаным!
Ғарышты кезіп шарлаған,
Қырандар ерен самғаған.
Ұшса да, қайта қонса да,
Даламнан орын таңдаған.
Бұл – менің ғажапстаным,
Бұл – менің Қазақстаным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу