Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  124


Автор: Абдрахман Асылбек

Жүрегім менің

Жүрегім менің – бас қалқан,
Жүрегім менің – дастарқан.
Жайылып жұрттың бәріне,
Алдына адал ас тартам.
Жүрегім менің шын мықты,
Көксеген нағыз шындықты.
Есейе келіп түсіндім
Жауыздық деген сұмдықты.
Жүрегім менің – сұлулық,
Жүрегім менің – жылулық.
Ойда жоқ менде рулық,
Бауыр деп, дос деп бұрулық.
Жүрегім менің – пәк тілек,
Жүрегім менің – жас түлек.
Жүрегім жұмсақ жаралған,
Болса да атам Тасжүрек.
Жүрегім лаулап есілсін,
Алдында ардың көсілсін.
Сұлуға жаным сұқтанса,
Қосылған жарым кешірсін.
Жүрегім толы мың арман,
Шыңына кім бар шыға алаған?
Тынысым тоқтап қалғанша,
Қайтпаспын сірә құмардан.
Жүрегім ғашық бәріне:
Бұлбұлдың әсем әніне.
Арудың әппақ тәніне,
Сүйе де берем әлі де.
Берген соң Тәңір ерікті,
Жүрегім менің желікті.
Мүлгуім мүмкін емес қой,
Қыздарды сүймей көрікті.
Жүрегім менің – адалдық,
Жүрегім менің – адамдық.
Болмаған ешкім бақытты,
Ойласа маған жамандық.
Жүрегім текке соқпайды,
Жүрегім неге тоқтайды?
Кенеттен тоқтап қалса да,
Сұлулықты ғана жоқтайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу