Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  147


Автор: Абдрахман Асылбек

Көздерің күліп тұрды

Көздерің күліп тұрды,
Керемет сыр ұқтырды.
Сүйкімді сөздеріңе
Жүрегім жылып тұрды.
Бар нұрын биік көктің
Басыма үйіп-төктің.
Сол жолы өзіңді мен
Қалтқысыз сүйіп кеттім.
Бір досым былай шыға,
Сыр айтты сынай, сірә:
«Біреуге сене қалсаң,
Біржола құлайсың, ә?
Ақкөңіл аңғалым-ай,
Алдыңда аңда былай:
Лапылдап ере берме
Көрінген жанға бұлай.
Көзіңше күліп тұрып,
Ішіңе кіріп тұрып,
Біреуге жамандайды,
Сыртыңнан ұлып тұрып».
Досыма қосылмадым,
Тура айттым,
Тосылмадым:
«Орынсыз,
Жанға сенбей,
Осынша шошынғаның.
Жансын деп әманда ізгі ой,
Сол үшін алаңбыз ғой.
Түлкі емес, қасқыр емес,
Бауырмал адамбыз ғой.
Ешкіммен күндес емен,
Сенген соң мүлде сенем.
Адамға сенбегенде,
Айтшы өзің,
Кімге сенем?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу