Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  134


Автор: Абдрахман Асылбек

Екеуінен жаралғам

Әкем менен анамды
Бөліп айта алам ба?
Екеуіндей адамды
Бұл әлемнен табам ба?
Мен өмірге шыр етіп,
Тулап түскен кезден-ақ,
Үлбіреген гүл етіп,
Аялаған бөзге орап.
Содан барлық шақта анам
Бала жайын қамдаған.
Содан тыным таппаған,
Әр күнімді аңдаған.
Әке-дағы сол шақтан
Бала қамын ойлаған.
Арманым деп аңсатқан,
Тұсаукесер тойлатқан.
Анам менен әкемнің
Базарына айналғам.
Күлкі үйрілген шат өңнің
Ажарына айналғам.
Екеуінің көңілді
Тірлігіне айналғам.
Отбасының өмірлік
Бірлігіне айналғам.
Екеуінің тілегі –
Дастанына айналғам.
Арқа сүйер тірегі –
Асқарына айналғам.
Екеуінің таңғы үміт –
Шырасы боп таралғам.
Екеуінің мәңгілік
Мұрасы боп қала алғам.
Артық жан жоқ әлемде
Әкем менен анамнан.
Өйткені, мен әуелде
Екеуінен жаралғам.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу