Әңгімелер ✍️
ТӨЛЕПБЕК АТАЙ
Бiздiң ауылдан бiршама ұзақ жерде өзеннiң үлкен тұнық иiрiмi бар болатын. Соның айналасы қалың тал едi. Ауыл балалары сол жерден жиi-жиi балық аулайтынбыз.
Бiр күнi бесеумiз ауылдан таңертең ертелетiп кеттiк. Таң салқынымен балық аулаудың қызығы мол болатынын бәрiмiз де жақсы бiлетiнбiз. Жол бойы барлығымыз ерекше көңiлдi болдық. Әнеукүнгi қауын ұрлауға барғандағы хикаямызды айтып, әбден күлiстiк.
Балықтың қызығымен отырғанбыз. Бiр кезде Бейсенбектiң үрейлi үнi барлығымызды шошытып жiбердi.
- Ойбай, қасқыр! Орнымыздан атып-атып тұрдық. Артымызға жалт-жалт қарастық.
Қол созым жерде көк қасқыр бiзге шаншыла қадалып тұр. өзi елегзiп, жан- жаққа мазасыздана қарайды. Құлағы тiп-тiк. Әлгi ел айтатын көкжал арланның дәл өзi. Тiлiмiз байланды да қалды. Әу деуге дәрмен жоқ. Бiр- бiрiмiзден көмек тiлегендей, бiрiмiзге бiрiмiз жалтақ-жалтақ қараймыз.
Iле-шала тал арасынан ат тұяғының дүрсiлi құлағымыз-ға жеттi. Артынша- ақ тал тасасынан төгiлме жалды сары аттың басы қылтиып көрiне бердi… Әлгi қасқырымыз артына қайырыла бұлаң еттi де, алға қозғала бердi.
Төлепбек атай! Иә, Төлепбек атайдың дәл өзi! Уњ деп демiмiздi бiр-ақ алдық. Қасқырымыз көз алдымызда итке айналып сала бердi. Осы жайға Бейсенбек әлi сенбестiк бiлдiргендей, анадай жерге барып, шоқиып отырған итке тесiле қарап қалыпты. Менiң қорқынышым су сепкендей басылды. Жүзiмiзге қызғылт нұр жүгiре бастады.
- Оу, боқмұрындар, немене таң атпай астарыңнан су шыққан ба? Ол ақсия күлiп, атының басын бiзге қарай бұра бердi. Әлi қылау шалмаған iрi тiстерi көзге ерекше көрiнедi. Барлығымыз жүгiрiп келiп, сәлем бердiк.
Төлепбек атай толық денесiмен селкiлдей күлiп:
- Әй, көкебастар-ай! Көп жасаңдар! Дәу жiгiт болыңдар! –дейдi. Yлкен алақанымен кiшкене қолымызды аялай ұстап, еркелете сiлкiп жатыр. – Немене, олжа көп пе?
- Көп, ата, көп.
- Жарайсыңдар, жарайсыңдар! Дұрыс-ақ! Оу, шiркiн десейшi, бала болғанға не жетсiн! өзiнше бiр тәтi қиялға берiлiп, толқып тұр. Көзi жасаураған секiлдi көрiндi. Содан соң ол бәрiмiздi ойлы көзiмен жағалай, сүзе қарап шықты. Байқаймын, Бейсенбек өзiнен-өзi қуыстанып, менiң артыма қарай ысырылып, шегiне түстi. Ол осы сәт өзiнiң күдiктi қимылымен бiздiң түнгi жорығымызды әшкерелеп қоятын секiлдi көрiнiп кеттi. Оны аяғыммен нұқып қалдым. Ол селк еттi де, бойын қайта түзеп алды. Фазолла да осы жайды аңғарған болу керек, арадағы қолайсыз үнсiздiктi бұзып жiбердi. Ол иттi нұсқап:
- Ата, мынау иттi қайдан алғансыз? – дедi.
- Ә, – дедi ол даусын соза, күле сөйлеп, итке сүйсiнген раймен көз салды.
Әлгi бiздiң шопыр бала қаладан сатып әкептi. Аттай жүз сом екен құны.
- Туњ, не деген қымбат! – Файзолла соншама әсерлi мәнермен дауыстап жiбердi. Ол өткендегi шал мен бала арасындағы түнгi әңгiмеден ит құнының қанша екендiгiн анық бiлсе де, алғаш естiгендей сыңай көрсеттi.
- Жоқ, қайдағы қымбат! Қайта бұл арзаны. өзiнiң бiр таныс шопыры болған соң арзан берiптi. Алғашта көнбептi. Ақыры не керек, жалынып- жалпайып, әке-көке деп көндiрiптi. өзi әлгi солдаттар бағатын иттiң тұқымынан екен.
- Овчарка ғой.
- Иә, сол апшаркаңның нағыз өзi.
- Алғашта қасқыр екен деп қалдық, – дедi Ақберген.
- Тiптi үрейiмiз ұшып кеттi ғой, – деп бас шайқай, езу тартты Құрал. Қарт селкiлдей күлiп:
–Батыр-ақ екенсiңдер онда! – дедi. Ол қасқыр итке сүйсiне қараған қалпы сөзiн жалғап:
- өзi алғашқыдай емес, маған үйренейiн дедi. Әу баста «ка-калап» шақырғанда мойын бұрмаушы едi, ендi-ендi үйренiп келедi, – деп жымиып қойды.
Көп құпиясын iшке бүккен көздерiмiз бiр-бiрiмен мағыналы пiшiнде түйiсiп өттi. Бейсенбек қана мазаң ойдан әлi айыға алмаған халде.
- Қауын деген де балалардың көз құрты ғой. Әнеукүнi сол бiразы келген болу керек. Мына антұрған онда қазақшаңды сезбейтiн. Қуып кеп берсiн-ай топырлатып. Аналар да қашты – ай дейсiң. Ойпыр-ай, өзiмнiң де зәрем қалмады. А деп аузымды ашып үлгергенше болған жоқ: «Ойбай», – деген ащы дауысты естiдiм. Осы буын-буыным құрып, аяғым аяғыма шалынып, құлауға шақ қалдым. Бiреудiң көзiнiң ағы мен қарасындай баласы мерт болды-ау деймiн iшiмнен күбiрлеп. Бiз қарт әңгiмесiне сықылық-сықылық ете күлемiз. Атай бiздiң әңгiмемiздi өзiнше жорып тұр.
- Әй, неге күлесiңдер? өтiрiк деп тұрсыңдар-ау, ә?! Осы жондарыңнан бұзау тiс қамшымен жосытайын ба! Айбарлы, зiлдi сөз айтқанмен, үнiнде еркелету бар.
- Әлгi қасымда тұрған Жанбөрi деген ақымаққа айқайлаймын: «өй, әлгi
«кә-кәнiң орысшасы қалай едi?» –деймiн сасқанымнан.
Қойшы, сонымен не керек, түнiмен төсекте дөңбекшiп жата алсамшы.
- Неге, ата?
- Ойбай-ау, қызық екенсiңдер, қалай жатпақпын. Бiреудiң өрiмдей жас баласын Төлепбектiң қаладан алдырған итi жарып тастапты деген сұмдық емес пе? Әлгi жүгермек бәрiн бүлдiрiп жүрген мылтық атып. өй, өзiнiң шекесiн түнiмен мүжiдiм-ау. Қош, сонымен таң азаннан ауылға тарттым. Салған бетте барған жерiм – аурухана. Бiрақ iшiне кiру қайда? Сыртты қарауылдаймын. Жаманат жоқ сияқты. Сыртқа кiрген-шыққандардың қимылында бөтендiк жоқ.
Әлгi қобызшы Сағынтайдың сары әйелi шығып келедi екен майпалаңдап.
Шыға бере тиiсiп келедi. өзi менiмен қатты ойнайтын қу мүйiз.
- Әй, шолақ, жай ма? Құлқын сәрiден неғып қылқиып жүрсiң?
- Е, жайдан-жай адам жүре ме? Әлгi дәрiгерiң қайдай, соған жолығатын шаруам бар едi, – дедiм жайбарақат.
- Дәрiгер сенi қайтедi? Асарыңды асадың, жасарыңды жасадың, сенi емдеп не қылады, – деп қотыр сөйлейдi.
- Ата, сiздi неге шолақ дейдi? – деп қалды Ақберген. Мен төтесiнен қойылған сұраққа қолайсызданып қалдым.
Төлепбек атай күле түсiп, барлығымызды жанарымен шола қарап, сол қолын көрсеттi. Бас бармағы жоқ екен. Оның орнындағы кiшкене тұқылды әрлi-берлi қозғап қойды. Iштен тыныс тартып тұрмыз. Төлепбек атай бас бармағының орнына қарап отырды да:
- Мұны ит жеп қойған, – дедi. Ду күлдiк.
- Немене, сенбейсiңдер ме? – деп ол бiзге қулана қарады.
- Әрине, сенбеймiз! – Ойнақы үнмен еркiн еркелей жауап бердiк.
- Әрине, сенбейсiңдер. Сендерге өтiрiк – бiзге шын. Ит жегенi рас. Бұл жолы бөлекше салмақпен айтты.
- Сонда қалай болған? – дедiм мен.
- Кешегi соғыста немiстердiң тiкен темiрiнiң ар жағында болдық қой.
Содан бiрде қашып шыққан жай болған.
- Ит ұстаған ба сонда?
- Иә, дәл айтасың. Тап осы апшаркадай ит. Түрi қандай кәпiрдiң. Ауыздары кере қарыс. Түрiн көрсең төбе құйқаң шымырлайды. Жандалбаса қылып беттi қорғалап, кеудеме мiнiп алған иттiң аузын қолмен сабалай берiппiн. өздерi қандай долы. Осы бас бармағымды бытыр еткiзiп шайнап жiбергенде, шыңғырып жiбердiм. Әлгi иттiң балалары да, ой, бiр келе салысымен керзi етiктiң астына алды.
Менiң денем түршiгiп кеттi. Алып ит арандай аузымен тап менiң қолымды қыршылдатып шайнап жатқандай сезiндiм. Менiң серiктерiмнiң барлығының өңiнде ерекше түршiккен қалып бар. Жүздерiнде әлгiндегi ерке күлкiнiң титiмдей де iздерi қалмапты.
- Содан не керек, тепкiлеп немiстердiң Дахау деген тiрi тозағына апарып бiр-ақ тықты. Азаптың көкесiн сонда көрдiк. Ол бiр азап болса, екiншi азап қол болды. Шайналып кеткен бас бармақ күндiз-түнi ұйқы көрсетпей қойды.
- Дәрiгерге көрiндiңiз бе?–дедi Файзолла.
- Балам-ау, қайдағы дәрiгер. Олардың ең асыл дәрiсi –жұдырық пен мылтықтың дүмi емес пе.
- Ендi қалай жазылды?
- Е, лагерьде менiмен бiрге түскен бiр орыс жiгiтi бар едi. Сол бiр күнi иод тауып әкелдi де, кiшкене бәкiсiмен бармақты шорт кесiп тастады. Сөйтiп барып көзiмнiң жарқ етiп ашылмасы бар ма.
Аз уақыт ойланып қалған атай көк шым үстiне бауырын төсеп жатқан қасқыр итке ойлана қарап:
- Е, бұл ит дегендi бiздiң халық жетi қазынаның бiрi деп тегiн айтады дейсiң бе. Жарықтық қасиеттi ғой. Тек жақсының қолына түссе қазына да, жауыздың қолына түссе дүлей ғой ештеңеден тайынбайтын, – дедi қабағын түйiп.
- Ал, жақсы, балалар, мен сендердi бiраз жолдан қалдырдым-ау деймiн. Әлгi совхоздың парторгы шақыртқан екен соғысқа қатысқандар суретке түссiн деп. Жаңа мына антұрған қарсақ па, түлкi ме, бiлмеймiн, қыңсылап қуа жөнелмесi бар ма табан асты. Әйтеуiр, осы тал арасында адасып қалды, – дедi. – Сөйтiп жолымды бөгегенi.
Бiз қарт соңынан бiрқауым уақытқа шейiн қарап тұрдық. Бiр кезде ол бұрыла берiп, дауыстай айқайлады.
- Айтпақшы, ауылға соғып тұрғайсыңдар. Құдайға шүкiр, сендер жерлiк қауын-қарбыз бар, – дедi.
- Жарайды, ата!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter