27.02.2022
  223


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ҚОРҚЫНЫШ

 


Мен арық iшiнде бiраз жатып, тың тыңдадым. Әр тұстан пәлектердiң сытыр-сытыр еткен дыбыстары құлағыма айқын жете бастады. Бұл– балалардың әрекетке көше бастауы деген сөз. Мен де қозғалдым. Анда-санда жүрелей бой көтерiп, тұтасқан пәлектердiң арасына қол жүгiрттiм. Әзiрге iлiккен дәнеңе жоқ. Бiр мезетте мұрныма сыздықтап әдемi, хош иiс келдi. Қай тұстан шыққанын ажырата алмай, дағдарып бiраз жаттым. Ақырын жылжып алға оздым. Бiраздан соң қауын қолыма iлiктi. Желiсiнен үзбекке қолымды апара бергенiм сол едi, әлдебiр иттiң аяқ астынан үре жөнелмесi бар ма! Оу, бұл қалай? Итi жоқ деп бағана Алпан ауылдан шыққанда айтпап па едi.


Көңiлiме қобалжу кiрдi. Әлгi ит бiз жақты бетке алып үредi… Артынша екi адамның самбырлаған дыбысы естiледi. Бiреуi таныс үн–Төлепбек қарттiкi. Екiншiсi – баланiкi.



  • Қасқыр ит босқа үрмейдi, тегi бiреулер келген шығар, ата, –дедi бала үнi.

  • Е, айналайын-ай, мұның онда бiр тамаша сақ ит болды, келген адамды алыстан сезсе. Былтыр баласы бар болғырлар бiр сәтке береке таптырмай қойып едi. Екi рет қотарып кеттi-ау, обал-ай, – деп Төлепбек қария өкiнiш ете сөйледi.

  • Ата, бұл өте ақылды иттiң тұқымы. Адамның не ойлап тұрғанын көзiнен таниды екен.

  • Қойшы?!

  • Рас, ата!

  • Ойбой, онда мынауың бiр дегдар, киелi ит болды ғой.

  • Қайдам, әйтеуiр, ағам кеше үйге әкелгенде: «Айтқаныңды түсiнедi. Бiрақ орысша айту керек», – дедi. Қазақшаға түсiнбейдi екен.

  • Апыр-ай, ә! Қарт керемет таңданды. Сәл кiдiрдi де: – Иә, онысы да рас екен-ау. Иесi орыс болған соң солай болады да. Бiрақ атын сұрауды ұмытып кеткенi дұрыс болмады да. өзi орысша «Айт, айт!» – дегендi не дейдi екен, бiлмейсiң бе? – дедi.


 



  • Жоқ.

  • Ал, «кә, кә» деп шақырғанды ше?

  • Бiлмеймiн.

  • Антұрған-ау, өзiң сегiз класс бiтiрдiм дейсiң, сонда бәлен жыл жүрiп, мектепте не оқығансың? – деп қария лекiте күлдi.

  • Ой, ата-ау, сонда бiзге иттi қалай орысша шақыруды үйреттi дейсiз бе?

  • Е, қайдан бiлейiн, анау кiтаптарыңның iшi толған иттiң суретi. Сосын айтам да.

  • Оны қайдан көрдiңiз?

  • Әлгi бiздiң ауылдағы жүн сақал Елеубайдың онға өткен баласының кiтабынан.

  • Дұрыс, дұрыс! Жалпы биология ғой айтып отырғаныңыз.

  • Жалпалогия дейдi! Қарт қатты таңданды. Бала сықылықтай күлдi. Булыға сөйлеп:

  • Иә, сондай сабақ бар мынау жан-жануарларды оқытатын.

  • Е, со кiтабыңда иттi орысша қалай айтақтайтынын айтпай ма?.. – Олардың түнгi тыныштықта бiзге анық естiлiп тұрған әңгiмесi бiрте-бiрте жақындап келе жатты.


Қолым қауынның сабағына барған күйi қимылсыз қатты да қалды. Әлгiндей тал бойымды ерiткен хош иiстнен титтей де жұрнақ қалмағандай. Төлепбек қарттың иттi орысша айтақтау төңiрегiнен шықпай қоюы менiң көңiлiмдегi қауiп көлеңкесiн ұлғайтып жiбердi. Сұр жыланның жонын аңдаусыз сипап алғандай қолымды лып еткiзiп, тартып ала қойдым.


Екеуi күркеге қарай тартылған үлкен атызбен ақырын аяңдап, дабырласа сөйлесiп келе жатты. Байқағаным – екеуiнiң бiреуiнiң иығында мылтық жүр. Ол айға шағыла, бiр түрлi суық үреймен жарқылдайды. Бойды алған қорқыныш үдей түстi.


Екеуi қатарласа келiп, атыз үстiне отырды. Ендi аңғардым, мылтық ұстаған әлгi сегiздi бiтiрген бала екен.


Иттiң үруi, бұрынғыдай емес, сирек. Екеуiнiң қатарына келiп, ол да жайғасқан секiлдi. Алғашта жұлқына соғып, алып ұшқан жүрегiм сабасына түсе бастағандай.


өзге балалар не iстеп жатыр екен деген ой санамда жай оғындай жүйткiп өттi. Бейсенбек қандай күйде екен? Таңертең үйiнiң алдындағы кiр жаятын керме сымда шалбары жаюлы тұрмаса жарар едi. Қорыққанымды бiр сәтке ұмытып, өз ойыма өзiм күлiп жiбере жаздадым.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу