Әңгімелер ✍️
БОЛМАҒАН ОҚИҒА
(АВТОРДЫҢ ӘҢГIМЕСI)
Капитан Гарридоның солдаттары қой тастарды паналай атысып, алға ұмтылып келедi екен.
- Атысқа дайындалыңдар! – деп Әдiл әмiрлi үн қатты.
өмiр мен Ораз орында тыншымай, келесi берiлер бұйрықты шыдамсыздана күтiп жатыр. Барлығы автоматтарын оңтайлап, даярлануда. Тасқа тиiп зың- зың ұшқан оқтардан бастарын қорғалап, бұға бередi.
Балалардың барлығы Әдiлге қарасады. Бiрақ оның ажарында қорқыныш табы аңғарылмайды. Алдыңғы шептен көзiн алмаған күйi жау қозғалысының бағытын жiтi бақылап отыр. Бiраздан соң ғана Әдiл әр сөзiн шегелей:
- Асықпай, тек қана дәлдеп атыңдар! – деп бұйрық бердi. Әп-сәтте-ақ әр тасадан автомат, мылтықтары шошаң етiп, құлаған солдаттар көрiнiп қалды. Тiптi бiреуiнiң темiр телпегi құрық тастам жерге қалпақтай ұшып барып, топ еттi.
- Жарайсыңдар! – деп Әдiл сүйсiне тiл қатты. Оның өзi капитан Гарридоны көп арасынан тiнте iздейдi. Бiр кезде оның назарын тосын көрiнiс елең еткiздi. Капитан айқайлаған тұстан бөтен түстi екеу шыға келдi. Бiреуiнiң қолында қара құстың қанатындай қара ала ту желп-желп етедi. Ортасындағы ақ дөңгелекте қара құрт секiлдi сұм свастика. Әдiл екеуiн де тани кеттi. Бiреуi – Пиночет, екiншiсi – Гитлер. Ту екiншiсiнiң қолында тұр. Дiңгек ағаштан шеңгелдей ұстапты. Онымен иықтас Пиночет ащы даусымен:
- Капитан Гарридо! Саған не болған! Неге бұғып жатырсыңдар, оңбағандар! Сол тырнақтай балаларға шамаларың келмей жатыр ма? Ой, малғұндар! Дереу шабуылға! – дедi. Көзiндегi қап-қара көзiлдiрiгi жарқ- жұрқ етедi. Гитлер де қара ала туын жұлқи сермеп:
- Алға! Шабуылға! Қыр-жой! – деп айқайға басты.
Әдiл ызаға булығып кеттi. Көздеп тұрып тудың ағаш сабынан атып жiбердi. Сабынан қақ бөлiнген қара ту жалп етiп, жерге түстi. Екеуi қас қағым сәт не iстерiн ойлап үлгерген жоқ. Бiр-бiрiне тез қарады да, арғы бетке секiрiп кеттi. «Жандарының тәттiсiн», – деп Әдiл iшiнен мырс еттi. Осы бiр сәтте өмiр бұған жарқ етiп күле қарады да:
- Алға, жолдастар! – деп айқай салды. Айнала тау, жартас уралаған дыбыстарға жаңғырығып, құлақты тұндырып жiбердi. Әдiл де орнынан атып тұрды. Бiрақ бұл кезде, неге екенi белгiсiз, автоматы құндығынан опырылып түстi. Ол абдырап қалды. Балалар оқты нөсерлете сеуiп барады.
Әдiлдi бәрiнен де ар азабы қинап отыр. Шын айқасқа келгенде қояндай бұғып қалды деп жүрсе, бұдан ауыр, бұдан артық жаза бар ма. Осы бiр жанды жеген күйзелiстi сәтте тар қапаста жарықтай жалт етiп, қол созым жердегi жырадан Ака шыға келдi. Аузында бауынан тiстеген су жаңа автоматы бар. Салып ұрып келген бетте мұның алдына автоматты тастай бердi.
- Айналайын, асыл Ака! – деп иттiң мойынан құшақтай алды. Тез арада автоматын оқтауға оңтайлана берген Әдiлдiң көзiне оның бүйiрiндегi жарқыраған ақ пластинка iлiктi. Көз жүгiрте тез оқып шықты:
«Сүйiктi ұлым, Әдiлге. Сальвадор Альендеден. Сантьяго», – деп жазыпты. Оның тұла бойы шымыр ете қалды. Осы бiр қысылшаң сәтте мұны бiр құдiреттi күш келiп, қолықтан демеп, дүр сiлкiндiрiп жiбергендей. Ол төмен қарай бiр-ақ қарғыды. Жерге жеп-жеңiл дiк ете түстi де, жүгiре жөнелдi. Атысып бара жатқан жаудың үш-төртеуiн жер жастандырды. Сабы сиреп, сағы сына бастаған Гарридоның адамдарының аз қалғанын Әдiл тез байқады. Шапшаң ойлап, батыл шешiмге келдi. Дереу қоршап алып, жойып жiберу керек!
- өмiр, Болат, әрқайсысың өз топтарыңды алып, батыс және шығыс қанаттан қоршап, жаудың қалдығын жойып жiберiңдер! – дедi.
Олар әрекетке тез көштi. Сол сәтiнде-ақ шабуылға көтерiлген топ батыл әрекеттiң арқасында жауды баудай түсiрдi. Бұлардан да бiрнеше адам жараланып қалыпты. Ажар мен Сәуле жедел қимылдап, олардың жарақаттарын таңып жатыр.
Әдiл жусап жатқан жау солдаттарының арасынан капитан Гарридоны iздедi. Бiрақ қаншама тiнте iздесе де назарға шалынбады. Оның бойын мазасыздық биледi. Қапысын тауып қашып кетсе, естен кетпес өкiнiш сол!
- Ойбай, ана бiреудi қара! Шар етiп айқай салған өмiр екен. Барлығы жалт қарады. Оң қанаттағы шоқы түбiнен атпен шыққан бiреу Көктасты бетке алып, безiп бара жатыр.
- Ах, залым! Анау капитан Гарридо ғой! Атыңдар! – Бiрақ ол көз ұшына ұзап кетiп едi.
- Қап, мына залымды-ай, ә, – дедi ол ызаға булығып. Iле-шала арт жақтан ат тұяғының дүбiрi естiлдi. Қас қағым сәт болған жоқ, бурыл атты бiреу бұлардың қасынан ағызып өте бердi. Ат тұяғынан ұшқан жентек-жентек топырақ жан-жаққа тасша атылады. Әлгiнiң басында дулығасы бар. Үстiнде кiреуке, қолында ақ сүңгi найза.
- Бұл кiм?
- Бұл кiм? Балалар бiр-бiрiне аңтарыла қарасты.
- өй, сен Болатпысың?! Ол айқайлағанға мойын да бұрған жоқ.
- Мына қызықты қара! – деген өмiр сөзi естiлмей қалды.
Болат қашып бара жатқан капитанды жотадан асырмай қуып жеттi. Барған бетте ақ сүңгiнi жауырын ортадан шанышқанда, оның құлындағы дауысы құраққа шыға шырқырай құлады.
- Жарайсың, бауырым, кешiр бiздi, бұрынғы көп мазағымыз үшiн, – дедi Әдiл маңдай терiн сүртiп жатып.
- Әнебiр екеудi қараңдар, тасадан қашып шықты. Айқай салған Ажар екен.
- Кәне, кәне! – Елеурескен топ Ажардың саусақ ұшы шошайған жаққа қарасты.
- Алдын ораңдар, тек қана тiрiдей ұстаңдар! өмiр, сен өз тобыңмен тосқауыл жасай бер, – дедi де өзi Ораздың тобының соңынан жүгiре жөнелдi. өмiрлер қашқан екеудiң қарсы алдындағы жырадан шыға келгенде, олар солға қарай қайырыла қашты. Пистолеттерiмен жанталаса атқылап барады. Бiрақ балалардың ешқайсысы оқ шығарған жоқ.
Бiр мезетте, қайдан шыға келгенi белгiсiз, бiр бүйiрден жеке дара Алтай шыға келiп, олардың алдын кес-кестей бердi. Пиночет оны атып үлгердi. Қою қызыл қан самайынан бұрқ еттi. Бiрақ Алтай тоқтап қалған жоқ. Жүгiрiп жеткен бетте жалтара қашқан Пиночеттiң аяғынан iле шалып, мұрттай ұшырды. Жауыздың қолындағы пистолетi түстi. Бала қыран оның көк желкесiнен қос қолдап бүре бердi.
Гитлер қалың топтың ортасына түсiп қалған екен. Қоршауда қалған аш қасқырдай аласұрады. Ораз оған ызалана айқайлап:
- Қолыңды көтер, сұм! – деп, қаруын кезедi.
- Хенде хох! – деп әмiр еттi Әдiл. Гитлер көзi ұясынан шыға, қос қолын көкке шошаң еткiздi. Қолындағы қаруы жерде жатыр. Жалбыр шашы ұйпа- тұйпа болып, тар маңдайын тер басып кетiптi. Әлден кейiн ақыл-есi орнына келгендей болған ол:
- Гитлер капут! Пиночет капут! – деп безектей бастады.
- Екеуiнiң қолын артына қайырып байлаңдар! – деп әмiр еттi Әдiл.
Ака Болаттыңқолын жұлқып, арс-арс етедi. Пиночет одан шошынып, жалтақтай қарайды.
Артынша-ақ ауыл жақтан бiр топ адамдар көрiндi. Топ алдында келе жатқан қасқа аттылы Әлiбек атай екен. Түсi суық. Тарамдалып ақ қыраудай болып, ұйыса бiткен қою қасы қабағын тұтас жауып кеткен. Қолында сегiз өрме бұзаутiс қамшысы. Әдiл Әлiбек атаның тап осылай жауар күндей түнерiп, түйiлген сәтiн көрген емес-тi. Тiптi ол кiсi ашуланады деп осы уақытқа дейiн ойламапты да. Келген бетте ешкiмге қараған да жоқ, ешкiммен амандасқан да жоқ. Жиылып тұрған балалардың ортасын қақ жара өтiп, қаққан қазықтай қалшиып тұрған Гитлерге шаншыла қарады. Кiрпiгiн де қақпайды. Қарт көзiнен шашыраған кектi ұшқынға дәтi шыдамаған Гитлер жүзiн тайдырып әкеттi. Тiзесi дiр-дiр етедi.
- Иттiң баласы, он екi де бiр гүлi ашылмаған Мұратбегiмнiң саған жазған жазығы не? Айтшы, кәне? – Бұл сөздердi семсердей суық ызғармен айтты. Гитлер:
- Мен емес, мен бiлмеймiн! – деп қорқақтап кейiн шегiне бердi. Қарт шарт кеттi. Ат үстiнен қайқая келiп сегiз өрiм бұзаутiс қамшымен тартқанда сұр кителi пышақпен кескендей тiлiнiп түстi. Жылт еткен жалаңаш етiнен бұрқ етiп қан шықты. Дауысы мұндай ащы болар ма? Шыңғыра өкiрген Гитлер кескен теректей гүрс етiп құлап түстi.
Әдiл Әлiбек атаның жүзiне қарады. Оның көзiнде дiр-дiр еткен қос тамшы жас тұр екен. Ол кенет ат басын кiлт бұрды да, келген iзiмен керi қайтып кете барды.
Гүрiлдеген машинаға барлығы жалт қарады. Осы сәт Ораздың әкесi бұлардың қасына құйындатып келдi де, машинасын кiлт тоқтатты. Кабинадан түсiп жатып, самбырлап сөйлеп келедi.
- Оу, генералдарым-ау, амансыңдар ма? Бұл не тұрыс? Ол ортада сұлап жатқан Гитлердi көргенде: – Оу, мына бәле қайдан жатыр? – дедi. Оның жүзi сұстанып сала бердi. Әлкен ағай алыста қарауытып кетiп бара жатқан Әлiбек атайдың соңынан ойлана қарап, тұрған топтың ажарындағы өзгерiс сырын ендi ғана ұғынғандай.
Пиночет не өлi емес, не тiрi емес, әрi-сәрi халде. Көзiлдiрiгi қолында. Бiр уақытта Әлкен ағай:
- Мынауың кiм? – дедi Әдiлге қарап.
- Пиночет, – дедi ол ызалы үнмен.
- Ойбай-ау, бұл залым әлi тiрi жүр ме едi? Ендi неге ұстап тұрсыңдар бұл нәлеттi, атып тастамайсыңдар ма бұралқы иттей.
- Жоқ, аға, бiзге ол алдымен шынын айтсын. Содан соң жазасын беруге уақыт толық жетедi.
- Иә, оларың да дұрыс, – деп келiстi Әлкен Пиночеттi көзiмен iшiп-жей қарап.
- Кәне, шыныңды айт, ұлы Президент пен Виктор Хара қайда? – дедi Әдiл әмiрлi түрде. Бiрақ Пиночет бұған жауап қата қойған жоқ. Тұнжыраған күйi төмен қарады. Ака қарғы бауын жұлқи арс-арс етедi. Пиночет шошына артқа шегiндi, бiрақ өмiр автоматының аузын оның жонына тiреп алға итердi.
- Айт, кәне қайда! – дедi өткiр көзiн оның өңменiне оқтай қадап. Пиночет басын ауыр көтерiп. Маятас жаққа тұнжырай қарады. Осы сәтте тұрған көптiң құлағына күмбiрлеген гитара үнi құмығып естiлдi. Бәрi Маятас жаққа беттерiн бұрған қалпы тыныс тарта тыңдай қалысты.
«Венсеремос» – клич громовой, Над страной призывно лети!
«Венсеремос! Венсеремос!», Это значит, что мы победим!
Ака Маятас жаққа атыла жөнелдi. Болат құлап қала жаздады. Балалардың барлығы уралап, солай қарай лап қойды. Ажар жүгiрiп келе жатып:
- Не деген сұрқия едi! Қарашы, тура бiздiң Маятастың үңгiрiне әкелiп қамағанын, – дейдi Ажар басын шайқап.
- Анада келгенде боп-бос едi, қарай көр не iстегендерiн, – дейдi Ораз Ажарға тiл қатып.
- Е, Пиночет, Гитлерге ерiк берсең дүниенiң бәрiн түрмеге айналдырар, – дейдi бұларға ерiп келе жатқан Әлкен ағай. Бiр кезде әлгi кiсi тоқтай қалып Әдiлге:
- Әй, Әдiл, айналайын, осыны маған бершi. Тура мына цистернаның iшiне қамап, тұншықтырып өлтiрейiн, – дедi.
- Жоқ, аға! Бұған берiлер жаза одан да ауыр болуға тиiс. Оны бiз шешпеймiз, – дедi Әдiл.
- Мейлi, айналайын, әйтеуiр, аямаңдар, – деп тез келiстi Әлкен ағай. Маятастың үңгiрiнiң аузы үлкен-үлкен тастармен бастырылып тасталыпты.
Балалар келген бетте үңгiрдiң аузын ашуға кiрiсiп кеткен. Әлден уақытта үңгiрдiң аузы ашылып, iштен жүдеу тартқан президент Альенде мен Виктор Хара сыртқа шыға берген. Әншiнiң екi қолы ақ дәкемен таңылыпты.
Балалар айқайласып, екеуiн қоршап алған. Тұтқындар жас баладай мәз болып, жадырай күлiседi.
- Рахмет, бауырларым, балаларым! – деп елжiреген көңiлмен алғыстарын жаудырып жатыр. Әдiл де шыдап тұра алмады. Екеуiнiң құшағына барып қойды да кеттi. Олар Әдiлдiң бетiнен алма-кезек сүйiп, бауырларына басады.
Ұлы президент Әдiлдiң иығындағы автоматты көрiп:
- О, қандай жақсы болған! Қолыңа аман-есен тиген екен ғой. Жарайсың, Ака! – деп үстiне секiрiп, еркелеген итiнiң басынан сипап қойды.
- Рахмет, аға, сыйыңызға, – дедi Әдiл шын көңiлден.
Бұл кезде балалар Виктор Хараға сұрақты жаңбырдай жаудырып жiберген- дi:
- Ағатай, қолыңыз қашан жазылады? – дейдi Болат.
- Саусағыңызды кестi деген рас па, ауырмай ма? – дейдi өмiр.
- Жазылады, айналайыңдар, жазылады, – деп Виктор сергек үн қатады.
Пиночет терiс қараған күйi бүк түсiп отырып қалыпты. Ұлы Президентке қарауға дәтi шыдамайды. Қыртыстанған майлы желкесiнен шып-шып тер шығады.
Әдiл: «Мынаны не iстеймiз?» – дегендей Президентке сұраулы пiшiнде қарады. Альенде ендi ғана Пиночетке назар аударды. Маятас үңгiрiне келген үлкен-кiшiнiң бәрi дерлiк ендi ұлы Президенттiң аузынан айтылар ақырғы шешiмдi тағатсыздана күтiп тұр.
- Адамзат баласына жасаған жауыздығы үшiн осы Маятастың үңгiрiне мәңгiлiкке қамалсын. Президенттiң зор даусында кесiмдi үн мен қуат, ешкiм бұза алмастай, ешкiм қарсы дау айта алмастай салмақ, зiл бар…
- Тұр, орныңнан! – деп Әдiл әмiр еттi. Пиночет орнынан сүйретiлiп әрең көтерiлдi.
- Кiр мұнда! Ол жүзi күйiп қалған жандай бiр адамға тура қарай алмастан үңгiрдiң iшiне кiре бердi. Командирдiң:
- Ал, бекiтейiк, – деуi мұң екен, балалар көздi ашып-жұмағанша үп-үлкен тас қорғанды тұрғызып үлгердi.
- Ағатай, – дедi Әдiл, – рұқсат болса, мен ауылға жетейiн. Абзал ағайға, әкеме, елге барып, сiздердiң аман-есен босатылғандарыңызды айтып қуантайын!
- Бара ғой, айналайын, тез жет! – деп ұлы Президент Әдiлдiң арқасынан қақты.
Ол жүгiрiп келе жатып, Абзал ағайдың қалай қуанатынын көз алдына елестеттi. «Ол кiсiнiң жүрегi жарылуға шақ қалар», – деп ойлады. Бәрiнен де мектепте болатын үлкен, салтанатты кездесудi айтсаңшы?! Сонда барлық оқушылардың алдында ұлы Президент Альенде мен ұлы әншi Хараға бұлар галстук байлайды. Жүздерi бал-бұл жанған балалардың қуанышында шек болмайды ғой, шiркiн!
Әдiл егiле жылайды. Жылап келе жатып күледi, күлiп келе жатып жалайды. Айнала дүниенiң бәрi түрлi бояумен құбыла әрленiп, дөңгеленiп бара жатыр.
Ертең ауылда ұлы той болады, ғажап той болады. Ол тойда Виктор Хараның өзi ән салады. Президент Альенде халыққа арнап тамаша сөз сөйлейдi. Сол тойдың бел ортасында Әдiл, өмiр, Болаттар жүредi. Елдiң барлығы бұл тамаша балаларға ризашылық сезiммен қарайды.
Сатан мен Уәлихан қалың халыққа жақындай алмай, баяғы өздерi тығылатын тасадан сығалап жүредi.
Кенжеғара атай бұларға бұрынғы ұрысқандарына өкiнiп:
- Айналайындарым, бұрынғыларыңды кештiм, менiкi зiлi жоқ айқай ғой әншейiн, – дерi сөзсiз.
Әдiлдiң әкесi қасындағыларға:
- өздерiңе жиi ұрыса берушi едiм адам болмайсыңдар деп, оным қате екен,
- деп бас шайқайды.
Ораздың әкесi сүт таситын машинасының үстiне шығып алып:
- Ой, айналайын, кiшкентай генералдарым, – деп сүйсiне айқайлап қоятын шығар. Әдiл жүгiрiп келе жатып, ертеңгi күндi осылай елестеттi.
Той соңын ала жер дүниенi күңiрентiп, ақ күмiс қанатын кең жазып, атақты «ИЛ-62» самолеты тұп-тура Қызылкесiкке қонады. Шiркiннiң сұлуы- ай! Ол самолет Ұлы Президент пен Ұлы әншiнi тура азат Чилиге, асыл ұлдарын көз талдырып күткен елiне алып ұшады…
1979 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter