Әңгімелер ✍️
СУЫҚ СӘУЛЕ
Жанайдың күшігі – Тілеулестің ойыншыл ерке мінезі ауыл балаларына әбден мәлім болған. Көрші үйдің салпаң құлақ, сабалақ жүнді итімен тынымсыз салған асырын қызықтау - оларға бөлекше мейрам.
Алыстан дәлдеп нан лақтырсаң, сақ еткізіп қағып алғыштығы тіптен қызық. Әсіресе берер сыйды жіпке байлап, әуеде ойнатып, Тілеулесті
алдаусыратып қою – таусылмас мол қызықтың кеніші. Балалардың Тілеулесті үйірсектеп жақын тартуы, төрт жастың төрін енді аттаған
Жанайдың да сол көптің қадірменді жанына айналуына себепші болғандай да еді. Барлығы бір ауыздан «Жанайдың Тілеулісі» деп, еркелете, көп иттен бөле –жара құрметтей атайды. Балалардың мақтау сөздерін тыңдау - Жанай үшін мейлінше қызық.
Малды ауылда көп жүріп, сырттау өскен Жанайға жаңа ортаның біраз тірлігі таңсық та. Малдан босап, көше ортасына көшіп келгелі бері
балаларымен тез тіл табыстырып кеткен бас дәнекерші де осы Тілеулес-ті...
-Нағыз овчарка болатын ит өзі, ә!
-Иә, саған, овчарканың құлағы тік болмай ма? Мұның құлағы салпы ғой.
-Жоқ, сонда да сыртқы түрі, былайша ұқсайды емес пе?
-Әй, сен екеуіңдікі де әншейін бос сөз. Менің көкем Тілеулесті нағыз тазы болатын ит деді.
-Сенің көкең не білуші еді? Тазының жүні тықыр болмай ма екен?
-Е, неге білмейді? Ол кісі жасынан аң аулаған.
Иә, қатырған шығар. Одандағы анау тракторын дұрыстап жүргізіп алсын
да.
-Қойшы сен де! Не болса соны соға береді екенсің. Бұл, мен білсем, бар
ғой, бұл – құмай тазы.
-Құмай тазы? Ол деген немене?
-Мәссаған, мына масқараны қараңдар, әлі күнге дейін құмай тазы дегеннің не екенін білмейді. Ха-ха-ха!
-Е, білсең айтшы! Ол не?
-Әжем айтады ғой, итала деген қаз болады, құмай тазы соның жұмыртқасыннан шығады екен деп.
-Ойдойт дерсін! Ой, қасқам-ай! Көзді жұмып жібердің ғой.
-Хи-хи-хи! Жұмғанда да айтпа. Жанайдың көкесі мұны құстың ұясынан емес, көшкен жұрттан тауып алған...
Балалардың бәрі іштерін басып, домалай аунап күліп жатыр. Жанай да мәз. Осы сынды ұзынсонар әңгіме көпке дейін басылмайды.
Күнде кешкілік сабақтан шыққан балалар ауыл шетіндегі алаңға жиылып доп ойнайтын. Жанайдың ағасы Қуан да үйдегі ол-пұл шаруасын бітірісімен алаңға тартатын. Балалар соңғы кезде қашпа доп ойынын көп құмартып,
сүйіп ойнайтын болып алған еді. Осы бір ойынды қызықтауға кішкене Жанай да ағасынан қалмай, жиі ілесіп келетін.
Арық жағасында түбі шіріп, сұлай құлаған кәрі терек қызықтаушыларға жайлы орын. Ересектердің қатарына қосылмағандар қарлығаштың
балапанындай қаз-қатар тізіле отырып, ойын қызықтайтын.
Жанай да аққан жұлдыздай әрлі-берлі доп қуалап, жүгіріп жүрген
балалардың шапшаң қимылын қызықтап отырды. Қызыл, тор көйлекті Қуан бір сәтке тыншу табар емес. Осындай бір қимыл үстінде оның көздеген добы балаға тимей, қиыс кетті. Тап осы сәтте, қайдан шыға келгені белгісіз,
қынаптан шыққан қылыштай жалт етіп, бір бүйірден Тілеулес жарқ ете
қалды. Келген бетте жұдырықтай қызыл көк допты қақшып алып, безіп ала жөнелді. Үре-сүре болған қиқушыл топ қашқан күшіктің соңынан тырағайлап, айқайласып қуа жөнелді.
Бір мезетте Тілеулес кілт бұрылып алды да, су аққан арықты бойлай зымырады. Осы кезде дуал тасасынан шыға келген ұзын мойын арық қара бала күшіктің алдын қайырмалап шыға берген-ді.
«Қайт-қайттап» ереуілдей ұмтылған ол арықтан аттай берем дегенде, аяғы тайып, арықтағы суға жалпасынан құлап түсті. Балалар шу ете қалды. Кейбіреулері отыра қалып, ішін басып күліп жатыр.
Әлгі бала үстінен суы сорғалаған күйі арықтан сүметіліп тұрып келе жатты.
-Ой, батырым-ай, ер екенсің, ә!
-Аяғы аспаннан келді деген осы-ау ә!
Тілеулес өзін қуған топтың кілт тоқтап қалғанына таңданғандай әудем жерге барып, шоқиып отырды. Аузындағы допты жерге тастай салды.
Кенет әлгі бала шапшаң еңкейіп, қолын сермеп қалғанда, әлдебір қатты зат Тілеулестің бүйіріне сарт етті. Аспанға ырши бір-ақ секірді де, беті ауған жаққа безіп ала жөнелді.
Жанай не істерін білмей, бір орнында қалшиып тұрып қалды. Әлгі суға құлаған баланың түтіккен түрінен, аларған көзінен қорқып кетті. Күшігінің зарлы, ащы қыңсылы кешкі ауаны жаңғырықтырып барады.
Ол жылауға шақ тұрды.
Балалар опыр-топыр төбелесіп қалған екен. Қуан мен әлгі бала бірін-бірі жағадан алып сілкілесіп жүр. Араша тілеген топқа екеуінің әзірге бой берер түрі көрінбейді. Ара-тұра қолдары босай бере, жұдырықтарына да ерік берісіп алады.
Аздан кейін-ақ Тілеулесті ұрған бала ауылды басына көтеріп, үйіне қарай «ат қойды».
Балалар қызу ойынға қайтадан кірісіп кетті.
Жанайдың көзі ойында болғанмен, көңілі күшігінде. Арықтың дөңселеу кенеріне шығып, мойнын созып, күшігінің кеткен жағына жиі қарағыштай берді.
Жанайдың ойын барқырап шыққан ащы дауыс бұзып жіберді.
Үстінде желбегей ұзын қара шапаны бар қою мұртты, ұзын бойлы біреу тура көктен түскендей, күркірей келіп, балаларға тап берді. Балалар
қырғидан қашқан торғайдай таса-тасаны бетке алып, зытып бара жатыр.
Жанайдың жүрегі тас төбесіне шықты. Ол да безіп ала жөнелді.
Құлағына тарғыл, ащы дауыстың жаңғырық жұлығы жетті.
... Ол әлдекімнің үйге өкіре жылап кірген даусынан шошып оянды. Үзіп- үзіп сөйлеген өксікті үннен анық ұққаны – «Тілеулес» деген жалғыз сөз. Ол
көзін ашып алып, есік жаққа жалт қарады. Бірақ келген жанның кім екенін біле алған жоқ. Тек есіктен таныс қоңыр бәтіңкенің жылт еткен тағалы
өкшесін аңдады. Әлденеге үрейленіп, үрпиісіп қалған атасы мен әжесі
алдарына алған шайларын тастай бере, үйден атып-атып шығысты. Тарс
еткен есіктің екпіні терезе әйнегін сыңғыр еткізді. Жанай көзін уқалай салып, терезе алдына жүгіріп барды. Үрей ойнаған көзін көшеге салды. Сонау
жоңышқалықтың бергі жағындағы ашық алаңқайда әлдекімдер топталып қалған екен.
Ол жүгіріп келген бетте әжесі мен атасының арасына сыналай кірді.
Тілеулесі топ ортасында жатыр екен. Тап бір алау күннен қорғалақтай
қашып, көлеңкеге тығылып жатқан секілді. Өкпе тұсынан жылымшылай қан ағып жатыр.
Жанай айналасындағы у-шуды біразға дейін ести алған жоқ.
Иттің арғы қапталында түсі суық бір адам тұр. Кеше балаларды жау тигендей қылып қуалаған кісі. Үстіндегі желбегей шапаны да сол қалпы.
Қолында мылтық. Оның қара мұрты тікірейіп, көз ұясынан шыға шатынап кеткен. Түюлі жұдырығын зәрлене сермеп, мұның атасына қарай өкіректей сөйлейді.
Атасы да қатты ашулы. Қолындағы жұмырша ақ таяғымен жерді түйіп- түйіп қалады. Жанай кемсеңдей берді де, әжесінің етегіне қарай тығыла
түсіп, өксіп-өксіп жылап жіберді.
Жанай соңғы күндері тым көңілсіз жүрді. Ерке күшігінің көптен көрінбей қойғанына жүдеп қалғандай.
Ол жаңа ғана, түс әлетінде, сыртқа шығып, үй жанында отырған. Сол
сәтте көшемен қара ала атты құрық сүйреткен біреу өте берді. Соңына ерген екі иті бар. Біреуі – Тілеулес.
Оның жүрегі лүпілдеп алып ұшты. Иә, дәл өзі ғой!
-Тілеулес, Тілеулес, кә-кә! – деп айқайлап жіберді де, оның соңынан жүгіре жөнелді. Бірақ Тілеулесі бұған мойнын бір бұрып қарады да, кете барды. Жанай сонда да жүгіре берді.
Ол әлден уақытта тас жолдың кенеріндегі қатқан балшыққа сүрініп, мұрттай ұшты. Бар даусымен көшені жаңғырықтыра, айқайлай жылады.
Бір уақытта дәл құлағының түбінен майда тастың сытыр-сытыр еткен дыбысы естілді. Ол шаңға былғанған қолының сыртымен көзін сүртті де, қабақ астынан қасына тоқтаған жанға назар салды. Әнеугінгі ұзын бойлы, мұртты кісі екен. Ол мұның қасына келіп аз аял жасады да, қабақ астымен ішіп-жеп қарады. Жанай өксігін тыйып ала қойды. Қатты қорқып кетті.
Әлгінің көзі шектен тыс қызарып, кірбиіп кетіпті. Үстінен бір түрлі, қолқаны атқан сасық иіс шығады.
Мойнының еркі өзінде емес сияқты. Бұлғаң-бұлғаң етеді. Кенет ол өзінен -өзі мырс етіп күлді де, теріс айналып жүре берді.
Жанай көзін әлгі адамнан айырар емес. Ол әлден соң барқыраған ащы дауыспен айқайлап, әлдекімдерге жұдырығын көрсетті де, жолдың екінші бетіне қарай тұра ұмтылды. Мектептен қайтып келе жатқан балалар жолдың екінші бетіне ойнап шыға келді. Бірақ ол кілт тоқтай қалып, теңселіп,
балаларға сүзіле қарап біраз тұрды да, үйіне қарай беттеді.
Жанайдың жанына келген балалар оның үстін қағып, бәйек болып жатыр. Күнұзын қыстығып тұрғн ол жылап жіберді.
-Туһ, тізесі оңбай қалыпты ғой.
-Кім тиген, қалай құладың?
-Қой, жылама! Жаңағы Шотайдан қорқып құлап қалған ғой, - десіп, жарыса, бірінің алдын бірі орап сөйлеп жатыр. Олар әлі өксісін баса алмай
тұрған Жанайды ортаға алып, өздерімен өздері тағы бір таусылмас әңгіменің желісін тартып кетті.
-Тілеулесті қалай көзі қиып атты екен, ә?
-Жанайды сұмдық жақсы көруші еді ғой!
-Туһ, айтпа! Әй, осы есіңде ме-ей, әлгі Тілеулестің доп алып қашатыны.
-Сонда ғой жаңағының баласының аяғы аспаннан келіп құлағаны.
-Содан ғой жаңағы оңбағанның кішкене күшікке ерегісіп атып жүргені, әйтпесе неге атады?
-Өй, олай емес дейді ғой. Сол үйдің торға қамалған біраз тауықтарын бір түнде ит қырып кетіпті.
-Сол Тілеулес дейді ғой.
-Қой, соқпа! Өзінің ылғи байлаулы жататын ала көз иті бар емес пе еді.
Сол дейді ғой босанып кеткен, соның ызасына шыдай алмай, үй маңында иттермен ойнап жүрген Тілеулесті атып салыпты.
Балалар ұзап кеткенше Жанай олардың соңынан қарап тұрды. Ол үйге кірген жоқ.
Біраз уақыт өткен соң үй көлеңкесінде ораулы жатқан ескі шидің үстіне келіп отырды.
Анау жоңышқалық атыздың бергі жағында Тілеулестің ас ішетін аяғы көрінеді. Жамбастай аунап, жайсыз жатқан екен.
Ағаш тостақ қаңсуға ойысып, сызаттана жарылыпты. Түскен сызаттан себездей өткен күн оның қара көк көлеңкесін инедей жіңішке, өткір ақ
сәулемен қақ бөліпті.
Жанайдың көңілі құлазып сала берді. Сәби жүректі сонау бір инедей үшкір, суық сәуле шым еткізіп, сүңгілей тіліп өткен сияқты болды...
1971 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter