27.02.2022
  151


Автор: Пернебай Дүйсенбин

ЖАРЫЛҚАСЫН МЕН АМАНГЕЛДI БАТЫР

 


Жарылқасын бiр жөткiрiнiп алды. Барлығымыздың ынтамыз соған ауған.



  • Мейлiң сенiңдер, мейлiң сенбеңдер, бұл – өмiрде шын болған оқиға, менiң басымнан кешкен оқиға, – деп алды да, бәрiмiзге төтеден сұрақ қойды.

  • Сендердiң iштерiңде атақты Амангелдi батырды көргендер бар ма?

  • Жоқ!

  • Жо-жоқ!!

  • Көргенiмiз жоқ.

  • Тек бағанағы жартасқа ұқсас бейнесiн көрдiк.

  • Ал сендер көрмесеңдер, мен көрдiм. Көрген емес, тiкелей өзiмен беттестiм. Керек десеңдер, мен осы Қаратастан оралған соң сол кiсiнiң тапсырмасымен ұзақ жолға жүргелi отырмын.

  • Соқ өтiрiктi!

  • Ойдойт дерсiң!, – дедiк тұс-тұсқан.

  • Ендеше өтiрiк десеңдер, тыңдамай-ақ қойыңдар. Мен оны несiне әуре болып айтып отырмын. – деп Жарылқасын орнынан түрегеле бастады.

  • Әй, әй, отыр! өтiрiк емес, шын, шын!

  • Айта бер, айта бер! Тыңдайық! – деп жатырмыз аңқалақтап.


Жарылқасын үнiнде бiр мысқал да жасандылық жоқ. Бiр жөткiрiнiп алды да, айналасына аңғарлай көз салып қойды.



  • Сонымен мен Амангелдi батырмен кездескенiмдi айтайын.

  • Е, е, соны айтшы, – дедiм мен ынтыққан халде тiл қатып.

  • Бала, әңгiме айтқан кезде кiсi сөзiн бөлмес болар, – деп маған еңсерiле бұрылып, ерекше ескерту жасады.

  • Ал жарайды!

  • Жарайды емес, «құп болады» деу керек.

  • Құп болады!

  • Бiрде Торғай өзенiнiң жағасында балық аулап отырғам. Сендер бiлесiңдер, мен сұмдық қармақшымын ғой. Елдiң алды ашаршылыққа ұшырай бастаған кез.


 


Бiр күнi қасыма Киiкбай атам келiп:



  • Жарылқасын, сен бiр амалын қылмасаң, мына халық қатты қиналып жатыр. Анау балыққа жiберген Сәбденбек, Сағынтай, Құрмандарыңыздың қармағына күн ұзына тұрғанда бiр шабақ iлiкпей жатыр. Соған жасар не айлаң бар? – дегенi.

  • О, ата-ау, неге қиналып отырсыздар. Баяғыдан берi неғып айтпағансыздар?– дедiм. – Ол кiсiлердi маған жинаушы етiп жiберiңiз. Содан не керек, ауыл қан сасыды. Әлгi үшеуi алған балығымды әрең жинап, әрең сойып үлгерiп жүрдi. Кереге де балық, өре де балық, сөре де балық. Қабысқан қарындар қалпына келе бастады. Сонымен ауыл тойынды.


Күн артынан күн өттi.


Бiр күнi қармағымды суға ендi сала бергенмiн. Бiреудiң ту сыртымдағы тал арасынан: «Жақа, сiзге бiр ауыз жолығуға бола ма екен? Бiр тығыз шаруам бар едi», – демесi бар ма. Қарасам, басында бөркi бар, әдемiше жас бала екен.



  • Сен менi қайдан бiлесiң? – дедiм таңданып.

  • Оу, Жақа-ау, сiздi бүткiл елiмiзде бiлмейтiн адам бар ма? Барлық ел, халық сiз туралы аңыз ғып айтып, жазып жатыр ғой. Мен өзiмдi мақтаған адамды онша ұната бермейтiнiмдi бiлесiңдер. Төтесiнен кеттiм. «Бала, тiке шаруаңды айт, менде уақыт жоқ. Тұтас бiр ауыл менiң аузыма қарап отыр», – дедiм.

  • Онда кешiрiңiз, Жақа! Сiздi Амангелдi батыр шақырып жатыр, – дедi. Мен: «Қай Амангелдi батыр?» – деппiн. «Оу, Жақа-ау, әлемде батыр бiр-ақ Амангелдi бар емес пе?!» – дедi. Мен осы арада сәл ұялыңқырап қалдым.

  • Батыр менi не үшiн шақырады? – дедiм.

  • Бiлуiмде, өте құпия мәселе. Оны тек сiзге айтады-ау, – деп сызылды әлгi бала.


Мен қармақты балаға ұстата салдым да, батырдың штабына қарай әлгiнiң атын мiнiп тартып кеттiм. Штабқа келдiм. Киiз үйге ендiм. Төр алдындағы үстелдегi картаға шұқшия қарап, батыр ата отыр екен. «Ассалаумағалайкүм, батыр ата!» – дедiм. Ол кiсi орнынан атып тұрды да, қос қолын қатар ұсынып, қасына шақырды. Қысқа амандасып, жөн сұрасқаннан кейiн, ол әңгiменiң бетiн тiкелей iске аударды. «Жарылқасын, сен көреген әрi айлакер, әрi батыр баласың. Мен саған бiр үлкен iстi сенiп тапсырсам, орындай аласың ба?» – дедi.



  • Айтыңыз, орындауға дайынмын! – деп саңқ еттiм.

  • Ендеше былай. Сен Гитлердi бiлесiң ғой?

  • Бiлмегенде ше! Егер сол ит қолыма түссе, отқа тiрiдей үйiтер едiм. Оған бiздiң ауылдағы Киiкбай атам «Yйтiлер» деп ат қойған», – дедiм iле-шала. Сонда батыр орнынан атып тұрып:

  • Жақантай, соны орындаудың сәтi ендi келiп тұр. Сыртта менiң ақ боз атым арқырап тұр. Мынау ақ алмас семсерiң», – деп төрде iлулi тұрған қылышын қолыма бердi. Батыр оны белiме байлап жатып: «Олды-пұлды шаруаларыңды тез ретте де, әлгi жауызға аттан. Оны жайғау тек қана сенiң қолыннан келедi», – деп бауырына құшырлана қысып, маңдайымнан сүйдi. Содан соң Жарылқасын былай дедi:


 



  • Осы Қаратасқа барып, аман-есен астық өткiзiп келген соң, сол Германияға жүрiп кетпекпiн. Ал, жiгiттер, бiздiң шаруа жайы солай болып тұр. Жуық арада мына ағаларың осындай бiр үлкен iске аттанбақ. Қазiр күнi- түнi соның жоспарын құрудамын.


Жарылқасынның үнiнде бiр ауыз жалған жоқ дерсiң. Барлығымыз ауыз ашып тыңдап қалппыз. Тек сәлден соң Айдан жайлап қана:



  • Амангелдi баяғыда қаза тапқан жоқ па? – дедi. Жарылқасын орнынан атып тұрып:

  • Туњ. Сендейлерге сыр айтып отырған мен де ақымақ екенмiн, – дедi де, талдың сыртын айналып кеттi. Бiздер мырс-мырс күлiстiк.

  • Неге күлесiңдер? Сенбейсiңдер ме?

  • Жоқ, неге сенбеймiз? Сенемiз, сенемiз, – дестiк одан әрi булыға күлiсiп.


Жарқын ағай ризашылық толы үнмен сөйлеп, Жарылқасынды арқаға қақты.



  • Сөз жоқ, сенемiз. Гитлердiң көзiн жоятыныңа сенемiз! Бүгiнше сен де, Айдан да тынығыңдар. Бiз Нұртас, Бектас үшеумiз күзетте боламыз. Сендер түн ортасы ауа мына екеуiн алмастырасыңдар, – дедi Жарылқасын мен Айданға.


Сол кезде қасымызға Киiкбай ата келдi. Ақырындау үнмен:



  • Осында Ермек жiбердi, – дедi де қасымызға жантайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу