Әңгімелер ✍️
ЖIГIТТЕР
Түс ауа астық артқан керуен Қаратасқа бет алды.
- Күн ұясына қона Ақдалаға жетiп құласақ, ертең Көктоғайға қонсақ, келер кеште Қаратаста боламыз, – дедi Ермек.
Ақдалаға дейiнгi жол бiршама ауырлау көрiндi. Еңiс қиясы, өрi мен қырқасы көп кирелең жол жетер жердiң жобасын тым ұзатып жiбергендей. Бiрақ елгезек сезiмдi бала көңiл бейтаныс, бедерi соны, бейнелi жерлердi жиi көрiп, көңiл қанағатын көп алып келедi.
- Әне бiр жартасты қара, тура Амангелдi батырдан аумайды, дедiм – мен еңселi, ерекше пiшiндi жақпарлы жартасты нұсқап.
- Шынында да қатты ұқсайды. Басындағы бөркi аумай қапты.
- Ана бiр тұсы қылыш ұстаған қолға ұқсап қалыпты.
- Астындағысы ақ боз атқа келiп-ақ тұр! – деп, жамырай сөйлесiп, әр тұстан ұқсастық тауып жатырмыз.
Кескiн, келбетi атақты батырға келетiн осы бiр жартас бiразға дейiн бiздiң әңгiмемiздiң үзiлмес желiсi болды.
Жол бойғы шұбалаң соқпақтың қанатымен қапталдаса, кей тұстарында жол сорабына сұғына орналасқан адыр, қырат, төбе, сай, жоталардың, бiр- бiрiне ұқсамас пiшiн-бiтiмдерiн тiлге тиек етiп, бiр-бiрiмiздiң сырт пiшiмдерiмiзге теңей күлiсемiз. Осы орайда ұтымды айтылған теңеулер дiттеген жерге дөп тиiп жатса, рақаттана, қарқылдай күлiп, мәз болысамыз.
- Әне бiр жартас Жарылқасынның мұрнына ұқсайды екен.
- Дәл, дәл айттың. Қоңқиған жерi құйып қойған соның мұрны.
- Ана бiр төбенi қара! Бектастың басының сопақтығынан еш аумай қалыпты, – деймiн мен. Жарылқасын iлiп алып әкеттi.
- Әй, Нұртас, қойшы сен де! Төбенiң басы теп-тегiс қой. Бектастың төбесiнде баяғыда Төлеген лақтырған тас-тан қалған жарақат орны бар емес пе. Ол жауын суы ұялайтындай шұқанақ болып қалған жоқ па едi? Қарқ-қарқ күлiсемiз.
- Әй, қу Жақа-ай! Соны да көресiң, – деп Бектас қоспақ түйенiң қомында отырып, жүрекке ұқсас жұдырығын кезейдi.
Ақдалаға күн ұясына қона жетiп, қоныс тептiк. Дәмелi апай мен Жекей деген жеңешемiз екеуi түйелер шөге бере-ақ ас қамына кiрiстi.
Ермек көкем ересектерге:
- Абай болған жақсы. Малды осы маңнан ұзатпай арқандаңдар. Аяқ астының бәрi шөп! Жарықтық Ақдала тусырып жатыр екенсiң-ау! – дедi де, долана ағаштың түбiнде тұмсық түйiстiрiп жатқан қос қара тастың арасынан бүлк-бүлк етiп шығып жатқан бұлаққа қарай бетедi.
Сарғыш реңнен қызылт түске ойыса бастаған долана жемiстерi көз жауын алып, құмарта қызықтырады.
- Әй, әй, көп жемеңдер, iштерiңдi ауыртады. Әлi пiсетiн уағы болған жоқ,
- деп Киiкбай атай бәйек болып жүр. Бiрақ бұлықсыған бала көңiлi тосқауылы көп тыйымға онша мойынсұнып жатқан жоқ.
- Әй, антұрғандар-ай, iштерiңдi ауыртады-ау, – деп ағаш басына маймылша өрмелеп, өзгеше қызыққа түсiп кеткен балаларға алаң көңiлмен күлiмсiрей қарайды.
Қас қарая бере шай iшiп, азын-аулақ ет қосылған быламық жеп, жатуға айналдық.
Ермек көке Жарқын ағайға келiп:
- Жiгiттер, абай болыңдар. Ана шал, кәрi – құртандарға қарағанда сендер ширақсыңдар ғой. Алма кезектесесiңдер ме әлде бiрыңғай күзетесiңдер ма, ерiк өздерiңде. Бұл жердiң ит-құсы бар дегендей, – дедi де сөз аяғын күмiлжiтiңкiреп: «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Әйтеуiр, балалар, сергектiк жақсы. Кастарыңда құдайға шүкiр, Жарқын бар. Анау Кикеңдерге де қатаң айтып жатырмын.
- О, көке, несi бар, күзетiмiз! Анау-мынау қасқырыңызды да бiздiң Нұртастың өзi-ақ қағып тастайды, – деп Жарылқасын төтеден қосылып жатыр.
- Ә, лайым солай болсын, – деп Ермек шаршаулы үнмен тiл қатты да, жатуға беттедi.
Бiр күн тынысы жоқ бейнетте жүрген үлкендер тiлегiн Жарқын ағай еш сөзге келместен қабыл алғанына мен iштей шын қуандым. Мен осы жолы тұңғыш рет Ермек көкенiң аузынан «жiгiттер» деп, сенiм арта сөйлеген сөзiне кәдiмгiдей марқайып қалдым. өзге балалардың да бұл сөздi қошуақ алғанын аңғардым. Көзiннен күлкi ұшқыны еш кетпейтiн Жарылқасын бригадир Ермек көке сәл ұзасымен – ақ бәрiмiзге ойнақы пiшiнде көз қысып, жұдырығымен кеуде соғып, маң-маң басып, әрлi-берлi шайқақтап жүр. Жоғары қарай шашын қайырған болып, басын сiлкiп, бәрiмiзге асқақ қарайды. Кешкi ас дайындап шаршаған Жекей арбадағы астық үстiне қисайды да, тез арада қор етiп ұйықтап кеттi.
- Жүр, анда барып отырайық, – деп Жарқын ағай малдар арқандалған жерден әрiректеу тұста қарауытып тұрған кiшкене төбешiктi нұсқады. Оған жеткен соң бәрiмiз шөбi ұйысқан төбешiкке шалқалай-шалқалай жата кеттiк. Әр бөлек жайдан, әр тақырыптан әңгiме тиегi еркiн ағытылды.
Бiр кезде Бектас:
- Осы соғыс қашан бiтедi, ағай? – дедi.
Ол ойланып қалды да, Бектасты арқадан қақты:
- Бiтедi, Бектас, бiтедi. Күнiн айту әлi ертерек, бiрақ бiр бiлетiнiм – жаудың жеңiлер күнi тақау.
- Осы соғыс бiтсе екен, тегi, – деп, Бектас мұңайған үнмен ауыр күрсiндi.
- Бiтедi, балалар. Әлi-ақ Жеңiс тойын ауылда дүрiлдетiп тұрып тойлаймыз. Көңiлдегiнiң бәрi де орындалады, – деп нық сенiммен айтты. Сол кезде Жарылқасын:
- Мен бұл соғыстың тез бiтетiнiн баяғыда-ақ бiлгенмiн, – дедi.
- Оны қайдан бiлесiң?
- Түс көрдiм.
Барлығымыз қарқылдай күлiп жатырмыз.
- Неге күлесiңдер?
- Е, күлмеймiз бе.
- Айтшы онда түсiңдi.
- Айту үшiн рұқсат керек, себебi ол-өте маңызды түс. Тағы да күлдiк.
Дауысында кәдiмгiдей салмақ бар.
- Кiмнен?
- Кiмнен? Мысқылдай мырс еттi де:
- Сондай да сұрақ бола ма екен? Жарқын ағайдан да.
- Айт, айт, ендеше, – дедi Жарқын ағай кәдiмгiдей ынтығып, Жарылқасын сәл үндемей отырды да:
- Жай, бұл түс дегенiм – әншейiн елдiң бетiн аудару. Бұл – өмiрде шын болған оқиға. Бiрақ мен айтқанда күлмеңiздершi.
- Жарайды, жарайды, күлмейiк.
- Келiстiк қой.
- Келiстiк.
Бәрiмiздiң ынта-ықыласымыз Жарылқасында.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter