27.02.2022
  199


Автор: Пернебай Дүйсенбин

СУЫҚ ХАБАР

 


 


 


Бiздiң Қарақоғаға келгенiмiзге он шақты күн болып қалды. Ақтамдағы кең албардың iшiне жетi-сегiз мая тұрғызылды. Барлығы дерлiк Киiкбай атамның қолынан шықты. Жақыннан қарасаң да, алыстан қарасаң да көзге оғаш көрiнер бiр мiн жоқ.


Бiздiң арамызға келiп, алғысын айтып кеткен колхоз бастығы:



  • Ендi екi-үш күн күш салып жiберсек, бiтiрiп кетермiз, – дедi.

  • Бiтiремiз, – дедiк бiр ауыздан.

  • Ауыздарыңа май, астарыңа тай, айналайындар! Әнеукүнгiден берi тамақтарың да келiсiп жүрген жоқ едi. Әлгi Ермек сойыс әкелiп берер. Бүгiн бiр қой босаттырғам. Әлгi үкiметтер де шығасы шығарғысы жоқ. Қабырғаларың қайысып, омыртқаларың майысып, ақ тер, көк тер болып жүрген сендер үшiн, азар болса, бiр таяқ жермiн.


Бiз қуанысып қалдық.


Осы кезде ауыл жақтан екi атты көрiндi. Бiз онша мән бере қойған жоқпыз.


Түскi тамағымызды iшiп, тыныққан соң, Қырыққұдыққа кетiп бара жатқанбыз. Әйнекбай мая жаққа қарай атының басын бұра берген-дi. Сол кезде шабдар аттың үстiндегi кiсi:



  • Әй, Әйнекбай, берi қайырыл, – деп дауыстап шақырғаны құлағымызға жеттi.

  • Бұл кiм?

  • Ауылдық кеңес Майтон емес пе? – дедi арбаға мiнiп жатқан Жарқын ағай.

  • Қасындағысы кiм?

  • Бiлмедiк.

  • өздерiнiң жүрiстерi суыт қой.

  • Е, ауданнан келген өкiлдердiң бiрi де.


Артқы арбада келе жатқан әйелдер қарайлаңқырап отырды.


Балалар жағы мән бере қойған жоқ. Ду-думен отырып, қостан ұзап кеттiк. Байқағаным – Жарқын ағай алыстап ұзаған екеуден көз алмай қарап қалыпты. Көзiнен әлдебiр мазасыздық ұшқыны қылаң бергендей. Ду-думен отырып, Қырықұдыққа келiп қалғанымызды аңғармай қалыппыз.


Келе салысымен ажырығы мен бидайығы мол араласқан шүйгiн шөптi арбаға тией бастадық. Жарылқасын арбаның үстiнде. Ол лақтырылған шөптi жiк-жiгiмен жылдам басып жатыр.



  • Менi Төлеген деп пе едiңдер. Кәне лақтырыңдар, – Кешке ет жейтiн болдық. Әй, Төлеген, адал қимылда, бол шапшаңдат. Аз iстеп, көп жемексiң- ау, ә!


Төлеген мырс-мырс күледi.



  • Алдияр, Алдияр!

  • Әу! Қасымыздағы арбаға шөп салғалы жатқан Алдияр Жарылқасынға аңырая қарады.

  • Әй, қамсемiз, қазiргi қимылыңа көз тиер, ақырын iсте! Еттiң иiсiн сезгелi өзiң тым шапшаң болып кеттiң-ау. Байқа, зорығып қалма. Бектас-ай, әй, Бектас, анауыңның арынын кiшкене бас! Зорықтырып алма! Ертең Жонға да керек қой!


 



  • Ә, тiлiңе шиқан шыққыр! Осының құтырған жынын басар бiреу табылар ма екен, ә, – дейдi Алдияр ақсия күлiп.

  • Әй, табылмайды. Бiрақ iстей түс, iстей бер. Ет жеу үшiн де адал тер төгу керек шығар. Мына бiздiң Төлегендi көрдiң бе? Қимылына көз iлеспейдi, – деп Төлегендi қағыта бастады.

  • Әй, қойшы сен де! Туњ, шаршамайды екенсiң осы, – деп Жарылқасынға айыр ала ұмтылды.


Жарылқасын қарқылдай күлiп, арбаның қарсы бұрышына қарғып кеттi.



  • Төлеген, құдай алдында шыныңды айтшы. Ақ боз атқа Жiбектi мiнгiзiп, тiзгiнiн бiр қолыма ұстап тұрсам, екiншi қолыма семiз қой етiн ұстап тұрсам, қайсына бұрын жүгiрер едiң?

  • Әрине Жiбекке жүгiрер едi, – дедiм мен. Сол кезде Төлеген жұлып алғандай:

  • Әй, сол семiз етiң дұрыс шығар, қарын да ашты ғой, – демесi бар ма.


Қыран-топан күлкiге баттық та қалдық. Жарылқасын iшiн басқан күйi, шөптiн үстiне құлап қалды.



  • Ә, қара басқыр, қараң батқыр, Төлеген! Әй, Жiбектен ұялсаң еттi. Қайтейiн сенi! Төлегеннiң өзi мырс-мырс күлiп, қасқа тiсi ақсиып, айналасына мәз болып қарап тұрды.


Маядан кеш оралдық. Қосқа қарай келе жатырмыз. Жарылқасынның ет төңiрегiнде құтыртқан әңгiме желiсi әзiрге үзiлер емес.


Жарқын ағай бiр кезде:



  • Ендi еттi көп айта берсеңдер, жегенде дәмi болмай қалады, – деп күлiп қойды.

  • өте дұрыс айтасыз, – дедiм мен. – Одан да кешегiдей өлең айтайық.


Алтынсары, баста! – дедiм.



  • Мен бастайын, сендер қосылыңдар, – дедi. Алтынсары өзiнiң, ашық, жарқын даусымен бастай жөнелдi:


Ұшады-ау, қара торғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып.


Бiрге өскен кiшкентайдан сәулем едiң, Айырылып қапияда қалдым неғып?!


Қайырмасына барлығымыз қосыла жөнелдiк. Қара торғай,


Ұштың зарлай, Бейшара-ау,


Шырылдайсың, Жерге қонбай-ай!


Жүректi тербер сазы мол, әсерлi ән кешкi дала ауасын жаңғырта, айналаны кернеп кеттi. Шаршау да, шалдығу да бiржола ұмыт қалғандай. өмiр-өзен ағысы өз заңымен, өз арнасымен қозғалып бара жатқан сынды. Мен Бектас пен Ыдырыстың жүзiне қарадым. Олар да ән қайырмасына ақырын қосылып отыр.


Алтынсары мен Динаның дауысы мейiлiнше ашық, әсерлi естiлдi.


 



  • Айта түсiңдер, балалар! Жарқын ағай бiздiң осы көңiлдi қалпымызды шын қоштап отыр.


Алтынсары ойнақы дауыспен:



  • Ағай, сiз   кiшкене   қаттырақ   қосылыңызшы.  Сiздiң  даусыңыз  дым естiлмей отыр, – дедi.

  • Жарайды, жарайды, Алтынсары, – деп Жарқын ұяң жымиып қойды. Әндете, қос басына жақындай түстiк. Алдымыздан Дәмелi шықты.

  • Немене түге, ұлардай шулап. Нелерiңе жетiсiп, өлең айтып келесiңдер?


Әлгi Елшiбайдың Жамбысы өлiп қалыпты, – деп қойып қалды.


Төбемеiзден жай түскендей болды. Арба сықыр-сықыр етiп барып, тоқтай бердi.


Тiлiмiз байланып, орнымыздан қозғалуға шамамыз келген жоқ. Аманбала сыңсып жылай бастады.



  • Бауырым, Жамбы, бауырым.


Арбадан әркiм әрқалай түсiп жатыр. Жарылқасын күреңiткен қалпы арбаның алдыңғы қалдайынын тас қылып ұстап алыпты.



  • Бауырым, Жамбы! Бауырым-ай!


Аманбала үнi үздiгiп, ет жүректi егiлте, тұншыға шықты.



  • Е, мен қайдан бiлейiн, сендердiң бүйтiп жылайтыңдарыңды, – деп Дәмелi өзiмен өзi болып кеттi. Жарқын ағайдың:

  • Ой, апа-ай, сiздi де үлкен кiсi дейдi-ау, ә, – деген наразы үнiн құлағым шалды. Ернiмдi қырши, басымды шайқай бердiм. Кеуденi қысып тұншығып қалған өксiк алқымына тiрелдi. Көз алдыма бағанағы түс әлетiндегi қос атты келдi. Текке келмептi-ау!


Қайран, Жамбы ағай-ай! Қан майданнан аман келiп едi. өкiнiшi қандай ауыр десеңшi!


Бүгiн осында келген Әдиша деген әйел қыздарды жұбатып жатыр.



  • Қой, Қалқажан, Еркежан, қой, көкетайларым, жыламаңдаршы! өзi өксiп- өксiп алып, Аманбаланы бауырына тартты, басынан сипап, жұбатып жатты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу