27.02.2022
  200


Автор: Пернебай Дүйсенбин

МАҚСҰТ

 


Мен мектептен шыққан соң Мақсұтқа келдiм. Ол бiздiң үймен көршi, Шабақтының жарлауыт жағасына таман жерде тұратын.


Оған мектепте болған жаңалықты айттым.


Ол мұңайың қарап қалды. Аласа ағаш төсектiң үстiнен ауыр қозғалып, ауру аяқтарын төмен түсiрдi. Жүзiнен едәуiр қиналған қалып байқалды.



  • Аяғың әлi қатты ауыра ма?

  • Қатты ауырады. Балдақпен сыртқа әрең шығып, iшке әрең кiрем.

  • Сынықшы Ибадiлда не дейдi?

  • Ту биенiң қазысын тауып, соған бөлесе жазылады дейдi. Бүгiнде ондай табылу қайда? – деп, күдер үзген күйде әлсiз күлiмсiреп қойды.

  • Мүмкiн, кiм бiледi, табылып қалар.

  • Әй, қайдам-ау. Жә, жарайды, кiм бастап баратын болды?

  • Жарқын ағай.

  • Қандай жақсы болған! Жұмыс iстеген көңiлдi болмай ма?!

  • Жұмыстың қайбiрi жақсы дейсiң, азаннан кешке дейiн салпылдаймыз ғой.

  • Денiң сау болып, он екi мүшең бүтiн болса, содан жақсы не бар дейсiң, – деп бiр ересек кiсiлерше тiл қатты.


Мен күлдiм.



  • Әй, өзiң   әбден дiлмар  болып  алыпсың,  тегi.   Кәдiмгi  қарияларша сөйлейсiң ғой.

  • Алты ай бiр орында жатып көрсең, өзiңнен өзiң дiлмар боласың, – деп, ол ақырын ғана езу тартты.

  • Менiкi әзiл ғой, – деп оны арқадан қақтым. Сонда сенiң тайып құлағаныңа алты ай болған ба?

  • Иә, тура алты ай болды.

  • Тап кешегi күн сияқты, – деп мен таңдана бас шайқадым.


Мақсұттың жүзiне аз уақыт зерделей көз тастадым. Екi жағы суалып, көз аңғалағы едәуiр шүңiректенiп кетiптi. Жанарындағы жарқыл бұрынғы әрiнен бiраз айырылып қалған секiлдi. Керiсiнше, көзiнде күзгi аспанның кiрбiң қабағындай бiр көңiлсiз мұң ұялап тұрыпты.



  • Кеше көкемнен хат келдi. Балашов деген жерден жазыпты. Госпитальда екен. Жарақатым ауырлау, жазылған соң елге қайтаратын шығар дептi.

  • Е, онда тiптен жақсы. Апамдар ақсақ болсын, тоқсақ болсын, елге шабын жандары жетсе болды ғой деп отыр, – дедiм.

  • өткен түнi апам жұмыстан шаршап келiп отырып, бiраз жылап алды.


«Yйде қаусап сен жатсаң, түзде қаусап әкең жатса, менiң күнiм қайбiр оңады» – дейдi. Мен айттым: «Апа, көкем аман келсе болды емес пе, мен, сөз жоқ, жазыламын», – десем де көнбейдi, – дедi Мақсұт бозаң ажарына солғын күлкi жүгiртiп. Содан кейiн сәл кiдiрдi де:



  • Көкеңнен хат келдi ме? – дедi.

  • Бiр айдай болды, әлi келген жоқ.


 



  • Қолы тимей жүр ғой ол кiсiнiң. Оңай дейсiң бе? Мен көкемнен көпке дейiн хат келмегенде, жаман қорқып жүрдiм.

  • Қайдам, апам: «Көңiлiмде еш қауiп, күдiк жоқ, әкең аман шығар», – дейдi маған да, – дедiм мен де.


Ол қабырғадағы шағын суретке иек нұсқап:



  • Көкем жүдемеген ә? Әлi сол толық қалпында емес пе?! – деп маған мақұлдата сөйледi.

  • Жоқ, жүдемеген.

  • Кей түндерi неше түрлi ойларға берiлемiн. Мысалы, көкем ауылға келсе, мен көкем келгенше жазылып, алдынан шықсам, қандай керемет болар едi, ә.

  • Әрине, керемет болады. Көкең сөз жоқ келедi. Мақсұт, осыдан қара да тұр, – деп мен сенiмдi айттым.

  • Шын айтасың ба, Нұртас?

  • Шын айтам.

  • Оны қайдан бiлесiң?

  • Осы үйге кiрсем болды, ылғи оң қабағым тартады.

  • Рас па?

  • Рас! Мақсұт менi құшақтай алып, көңiлдене сөйледi. Бозаң ажарына аздап қан жүгiрдi.

  • Аузыңа май, Нұртас. Онда нағыз керемет болар едi, ә! – деп менi арқадан қақты.

  • Нұртас десе, сен менiң салған суреттерiмдi көрдiң бе?

  • Қайсысын?

  • Соңғы салғандарымды.

  • Жоқ.

  • Ендеше көр. Мiне, – деп ағаш тақтайдың бас жағынан бiр топ қағаздарды әпердi. – Әттең, қатты ақ қағаз бен су бояу болмай жүр, әйтпесе бұдан да қатырар едiм, – деп салғандарын көрсете бастады.


Суреттердiң барлығы қара қарындаштармен салынған екен. Ол бiрiншi суреттi сұқ саусағымен нұсқап:



  • Ал, кәне, айта қойшы. Мыналар кiмдер, мыналар кiмдер?

  • Мыналар советтер, мыналар немiстер. Тiптен қатырған екенсiң. Немiстер алды-артына қарамай зытып барады ғой.

  • өзi шындығында солай емес пе? Қазiр фашистерiң басының қайда қалғанын бiлмей қалған жоқ па? – дедi ол көтерiңкi леппен.

  • Ал мына суреттегiң кiм? өзiнiң самолетi өртенiп бара жатыр ма?

  • Соны да бiлмеймiсiң. Бұл батыр Нұркен Әбдiров емес пе, жанған самолетiн жау эшелонына шүйiлтiп бара жатқан. Әттен, не керек, бояу табылса, қатырып тұрып салар едiм, – деп Мақсұт тәттi арманға берiлiп кеттi…

  • Мына суреттерiңдi Жарқын ағайға көрсет, – дедiм.

  • Ұят болмай ма? Көрсетуге тұра ма?

  • Көрсетуге тұрмақ түгiл, газетке де басуға болады.

  • Шын айтасың ба?

  • Мен қашан өтiрiк айттым.


 



  • Нұртас, онда саған үлкен рахмет.


Мен Мақсұттың жүзiне барлай қарадым. Осы сәтте оның жүзi нұрланып, бiртүрлi бөлекше, насатты күйге енген екен. Алғашқы әңгiмемiздiң мұңға шарпылған өзегi бөлекше жұмсақ сәулелi нұрмен әрленiп, аласа үйдiң төбесi биiктеп, тар терезесi кеңiп сала бергендей көрiндi. Мақсұт жанарында ойнаған қуаныш жарқылы өзге мұңды, көңiлсiз күйдi аз сәтке де болса да ұмыттырып кеткендей.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу