Әңгімелер ✍️

ЖАРҚЫН АҒАЙ
Қырық төртiншi жылдың жазғы демалысы басталып та кеттi. Бiздер үшiн қайдағы демалыс, тек айтар ауызға ғана. Тiптi екiншi-үшiншi класта оқып жүрген кезiмiздiң өзiнде-ақ аңыздықтан бидай масағын теруге талай рет барғанбыз.
Сабақ аяқталуға екi-үш күн қалғанда колхоз бастығы Әйнекбай күрең жорғасын талға байлап, мектепке қарай келе жатқанын көргенбiз. Бiздер, сыртта мектеп алдындағы шошайған жалғыз турник ақ тақырда қашпа доп ойнап жатқанбыз.
Ку тiлдiлеу Жарылқасын кiлт тоқтап:
- Оњо, Әйнекбай көкем келдi ғой, бiзге құдай бердi ғой. Ертең айыр- тырманы иыққа сап, Қарақоғаға аттандық дей бер, – дедi.
- Аттансақ, аттанамыз да.
- Күнде көрiп жүрген құқай ғой.
- Қош бол, қашпа доп, – деп балалар әр тұстан сөз тастап жатыр.
Жарылқасынның айтқаны расқа шықты. Күрең атты тайпалай желiп, мектеп маңынан кетiсiмен директорымыз алтыншы-жетiншi класс оқушыларын тал түбiне жинап алды.
- Екi күннен кейiн барлықтарың сабақ аяқталысымен Қарақоғаға шөп жинауға барасыңдар. Бастап баратын – Жарқын ағайларың, – дедi.
Ол өткен күзде келген. өзiмiздегi жетi жылдықты бiтiрген соң, аудан орталығындағы он жылдық мектепте оқыды. Ауыл адамдары оны жасынан зерек, алғыр дейтiн. Он алты жасында оныншы класты өте жақсы бiтiрген соң Жарқынды ауданнан осы мектепке аға пионер вожатый және дене тәрбиесi пәнiнен мұғалiм етiп жiберген-дi. Сырт көзге сүйкiмдi Жарқынның бойы ортадан сәл жоғары болатын. Оның керi қайырылған қою қара шашы бұйраланып, ашық маңдайын барынша айқындай түсiп, өң-ажарын ерекше ажарландырып тұратын. Ал шарасы кең көздерi айналасына үнемi шуақ шаша, нұрландырып тұрғаны өзiне тым жарасатын.
Қарақоғаға бастап баратын өз мұғалiмiмiз екенiн естiгенде, барлығымыз шын қуандық.
Директордың қасында тұрған ағай барлығымызға қарап:
- Қалай, балалар, баруға дайынсыңдар ма? – дедi.
- Дайынбыз.
- Онда өте жақсы. Екi күннен кейiн таңертең колхоз кеңсесiнiң алдына жиналамыз.
- Жарайды.
Бiр кезде ол барлығымызды барлай шола қарады да:
- Барлық оқушылар түгел жиналған екен. Тек Мақсұт қана жоқ. Әрине, ол бара алмайды ғой, – дедi ақырын ғана.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter