Әңгімелер ✍️
ТҮС
Мектеп бар көңiлсiздiктi бiржола ұмыттырып жiбердi. Арман мен Самат Саятты ерекше бiр елгезектiкпен класс балаларымен тез табыстырды.
өз құрбыластарының жүзiнен жатырқау, жатсыну сынды бөтен пиғыл iзiн аңғарған жоқ. Бұған Саят қуанды да. Сабақтан үйге Арман екеуi оралған едi. Есiк ашық тұр екен.
Жанбике есiк алдында самауыр қойып жатыр. Саят баяулау басып есiкке қарай тақай бердi. Жүзi түтiгулi Жанбике мұны көрiп:
- Ә, келдiң бе? – Сықсия қарап, сыздаған раймен көз тiктi. – Неменеге шәлтиiп тұрсың. Дым бiлмегенсуiн. Ала жаздай ел ақтап жиған шөптi анау арам қатқырға неге салдың? Немене бордақыға байлайын деп жүр ме едiң. Осы басында шырағы жанып тұрса да бүгiн көзiн құртамын. Елдiң есегi жүрген жоқ па көше қаңғып. Солардан әулие ме едi?!
Саят қозғалмай тұр. Жанбике жанбай жатқан самаурынды үрлеп жатып әлi сөйлеуде. Самаурын түбiн үрлеген сайын бұрқ-бұрқ еткен көк ала түтiндей түйдек-түйдек сөздерi әлi тоқтар емес.
- Бәлем, әкең келсiн. Дәдеңдi сонда бергiзермiн. Құдай-ай, осы арамды қайтейiн деп жүр, ә! Соқыр тиын құрлы пайдасы болсайшы бiр. Анау әкең де нағыз миқата. Әйтпесе сонау ит арқасы қияннан осыны әкелер ме? Қазақ ат, айғыр, мал тасушы едi, сендердiкiндей сорақыны көргенiм осы. Ә, су ми болған сорлы!
Саят қозғалмаған қалпы төмен қарап тұрды, сылқ етiп, тал түбiндегi шыны жәшiгiнiң үстiне отыра кеттi.
Ақтайқарды имек темiр қазыққа тұқырта байлаған. Бұрынғы дағдылы орнына дүкеннiң шыныдан босаған ағаш жәшiктерi сiресiп жиналып қалыпты. Ол Саятты көрiп қозғалақтап, iшiн тартқандай болды.
Бiр бұрыштан жалт етiп Марс шыға келдi. Бұлғаң-бұлғаң етiп мұның қасына келiп, ойыншыл, сергек пiшiнмен аз тұрды. Бiрақ Саят ажарындағы жабырқауды көрiп едi, сүйкiмдi пiшiнiндегi елгезек еркелiктiң ұшқыны лып сөндi.
Жанбике самаурынды iшке алып ене берiп:
- Немене, бiреу шегелеп қойды ма, өзiң омалып қалғаннан саусың ба!
Iшке көтерiп кiргiзейiн бе?
Саят ауыр көтерiлдi.Сөмкесiн өзi жататын шағын бөлмедегi столдың үстiне қоя бергенде, кеше қабырғаға iлген, жиектелген суретке көзi түсiп кеттi.
Апасы өзгеше бiр мейiрмен, әлсiздеу ғана жымиып бұған қарап тұрыпты. Шарасы кең көздерiнен бөлекше бiр сағыныш, мейiр сазы мұның жүрегiн жып-жылы нұрмен жуып өткендей болды.
Тамағына тығылып келген жасты күшпен iрiктi. Суретке тақанып келдi де, бетiн бетiне тигiзiп, аз тұрып қалды.
Анасының алқымынан тап тiрi кездегiсiндегiдей бiр жұп-жұмсақ, сүйкiмдi иiс мұрнына келген сияқтанды.
- Әй, келмейсiң бе ендi. Немене, менi ерiгiп отыр деп пе едiң, сенiң найқалып-шайқалғаныңды көтерерiм жоқ. Iшпейсiң бе атау-кереңдi.
- Iшпеймiн! Iше бер!
Кереуетке жүгiрiп барып, етпетiнен түстi де, тұншыға булығып жылап жiбердi.
- Ойбай-ау! Не дейдi-ей мына сұмырай! Iше берiң не, әй! Сен мына түрiңмен бара-бара сабарсың!
Есiк сарт етiп ашылды. Жанбике көрiндi.
- Әй, «iше берiң» не, ә!! өй, iшуiңмен кеткiр, iшуiңмен кет! Неге аштан қатпайсың! «Есiктен енбей жатып, төр менiкi» деуiн қарай гөр, ә, мына жетпегiрдiң! Жо-жо-о-оқ! Мен сенi бүйтiп шолжаңдатып қоя алмаймын.
Iшке екпiндей, жұлқына енген ол бiраз дауылдатып, дүлейлетiп қайта көрiнбей кеттi.
Есiк сарт етiп жабылды. Үзiк-үзiк естiлген ауыр сөздер ас iшетiн бөлменiң әңкi-тәңкiсiн шығарып жатты. Кеселер де бiраз сыңғырласып, қасықтар да бiраз шылдырласып қалды.
- Жетпегiр, кiп-кiшкентай болып, жердiң астындағысын ойлайды. Қарай көр, мұны-ей.
Саят құлағын тарс жауып алды. Ашулы бура аузынан ақтарылған ақ көбiктi долырған сөздердiң әлсiз жаңғырығы құлағын күңгiрлетедi.
- Жетпегiр! Осыдан соның тұқымын құртпасам… – Құлағын қайта жауып алды. Қайта ашты.
- ...Қарашы шегедей болып! Жоқ, оған төзер мен жоқ. Төрiмнiң төбесiне iлдiртiп қоя алмаймын. Дәрi болса, сенiң өзiңе дәрi шығар.
Саят iштен тыныс тартып, елең етiп, басын көтерiп алды.
- Күнi кеше әктеген аппақ қабырғаны бүлдiрiп, шеге қағып… Қарашы өзiн тәштиiп. Тап бiр менiң шешемдей қылып, шалжитып iлiп қойғанын! Мен саған iлдiрермiн, бәлем! Сыртқы есiк сарт жабылғанда, қабырғалар солқ еттi.
Саяттың бүкiл денесiн мұзды су жуып кеткендей болды. Жалт бұрылып апасының суретiне қарады. Оның жүзiндегi әлгiнде ғана бар жұмсақ мейiр лып өшiп, өзгеше бiр мазасыз, ауыр үрейге бой алдырғандай екен.
Ол бетiн басып алды да, көнелеу жастықты тiстеген күйi, басын шайқай, үн шығармай қыстығып, булыға жылады. Үй ауасы тiптен тарылып, тұншықтырып жiберген тәрiздендi. Далаға ата шығып, өзенге қарай жүгiре
жөнелгiсi келдi. өткенде барып, өзi ұнатқан, өзгеше бiр ыстық ұядай болған тал көлеңкесiне барып, айқайлап тұрып жылағысы келдi.
Әкесi келiп қоныс тепкен осы бiр үй күн өткен сайын тiптен суық, тiптен жат болып кетiп бара жатты.
Саят көңiлi осындай бiр олқылы-толқылы, әрi-сәрi халде жатты. Жас жүрегi шүйгiндi өрiс, жасыл жайлаудан – бедерi жоқ, бүрi жоқ ай тақырға, ақ тақырға адасып қонғандай. «Қоңыр құлыным-ау, айналдым-ау!» – деп, ет жүрекпен елжiреп, егiзiнiң сыңарындай қып, хан көтерген әжесi Yмiт пен ақ көңiл, даудырлаған қаңғалақ қарт Шәрiп ата ауылы соншама бiр сағыныш сазымен сезiм қылын ерiксiз шертiп кеттi. Сол үйдiң iргесiндегi шап-шағын, моп-момақан қалпымен тұрған өз үйi көз алдына келдi. Ол терең күрсiндi де, бiр аунап түстi.
Апасы жұмысқа кеткенде, өзi сабақтан келгенде жүгiре басып, Шәрiп ата үйiне барар едi. Үйден ұзап шықпайтын Yмiт әже өзiнiң қоңыр даусымен, момын даусымен: «Кiлт пе?! Анау iлулi тұр», – деп ағаш тiреудi нұсқар едi.
«Көкебас-ау, үйге бар да киiмiңдi ауыстырып, тез келе ғой! Атаң да келiп қалар. Шай да дайын тұр», – дер едi тағы…
Осы бiр қамқор үндер құлағының түбiнен көпке дейiн шықпады. Сол үндi қайта-қайта естiгiсi келгендей талап пен ниет қос қабаттасып, кiшкене кеудесiнде сағыныш күйiндей, домбыраның қос iшегiндей саз қосады.
Көзi ұйқыға әкете бердi…
Ақтайқар үлкен арықтан қарғып өте бергенде, тайып барып, шөкелей құлады. Саят арық жағасына ұшып түстi. Қорыс батпақ қорқырап төмен тартып барады, төмен тартып барады. Ол айқайлап жылай бастады. «Ата! Ата!» Ақтайқардың енесiнен домалап түскен Шәрiп атай:
- Көкешiм-ау, тұр орныңнан, бiр арқан әкел әжеңнен! Саят құстай ұшып, үйге жүгiрдi. Үмiт әжесi ала арқанды шошаладан алып берiп, үрейлеген үнмен:
- Әйтеуiр, аяғы сынғаннан аман болса болды. Қорықпа, Саятжан-ау! – деп елбелектей, етегiне сүрiнiп, оның соңын ала жүгiрiп келедi.
Үшеуi жабылып, Ақтайқарды орнынан қозғай алмай жатыр. Аппақ денесi, иненiң жасуындай бiр меңi жоқ Ақтайқары қап-қара батпаққа шыланып, тiптен танымастай өзгерiп барады. Шығарып ала алар емес. Үшеуiнiң де жан терi шықты. Саят жан-жағына алақтап, әлдекiмдерден көмек күтедi. Жақын маңда көзге көрiнер ешкiм де көрiнер емес.
Астыңғы ернiн тiстене, күшене тартады. Шәрiп ата дал халде: «Ендi қайттiк, құдай-ау!»
Анадай жерден Жанбике көрiндi. Саят қуанғаннан айқайлап: «Апатай, айналайын, апатай! Көмектесiңiзшi!» – деп дауыстады.
Бiрақ Жанбике алтын тiсiн ақсита күлiп, бiр ауыз тiл қатпастан өте бердi. Бiр қолындағы торда ылғи бiр жалт-жұлт еткен қымбат ыдыстар ма, шынылар ма, бiрдеңелер, екiншi қолындағы үлкен түйiншектiң iшiндегiсi белгiсiз. Әрi ауыр, әрi тығыз секiлдi. Сырты қызыл-қоңырқай түспен қошқылданып барады. Қан ба, жоқ әлде ет пе? Күлкiсiн бiр жияр емес. өзiнен өзi мәз. Екi езуi екi құлағында. Саят қолын созған қалпы қала бердi.
Ақтайқардың аппақ денесiн қара батпақ шым-шымдап сорып барады, сорып барады. Саяттың жаны мұрнының ұшына келдi.
Ол заңғар көкке көз тiктi. Аппақ-аппақ ақ таулардай бұлттар көкпен қалқып, сонау алысқа, сонау қиянға ұзап бара жатыр, қалықтай ұшып бара жатыр. Ойына тырналар түстi. Көк аспанның әнiндей болған, сәнiндей болған сол бiр тырналар, мейiрбан тырналар тiзiлiп келiп, тiркесiп келiп, анау қара батпаққа, жауыз батпаққа батып бара жатқан Ақтайқарын, аппақ тайқарын, Шәрiп атасы сыйға берген асыл тайқарын көтерiп шығаратын секiлдендi. Көктi көзiн сүзе, тiнте қарады. Жаны мұрнының ұшында тұр.
- Тырналар-ау, тырналар!!!
Көк аспан, заңғар аспан құлақ тұндыра жаңғырықты. Бiрақ тырна үнi естiлер емес. Көкжиекке қанша қадала көз тiксе де, көз талдыра күтсе де күткен тырналар көзге шалынар емес.
- Тырналар-ау, тырнала-а-а-р!
Саят орнынан атып тұрды. Жүрегi аузына тығылды. Үстi-басын тер жуып кеткен. Құлағына қиқулаған ызың-ызың бiр үн келген тәрiздендi. Басын сiлкiп-сiлкiп жiберiп, құлағын сыртқа тосты. Терезенiң желдеткiшi ашылып кеттi. Сырттан үйiре соққан суық жел үй iшiндегi желкем жеңiл заттарды өз екпiнiмен үйiрiп өттi. Әлгiндегi бiр таныс үн қайтадан құлағына жеткендей болды. Күңгiрт күдiк тұманы қайта серпiлдi.
Жүгiрiп терезеге барды. Сырт алай-түлей болып тұр екен. Қора сыртындағы ағаштың қою басы жұлқына теңселедi.
Ақтайқар өзiнiң орнында жоқ. Сонда қайда кеткен ол?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter