Әңгімелер ✍️
ҚОШ БОЛ, АУЫЛ!
Саят тап бүгiн, тап осындай халде туған ауылымен, Yмiт әжесiмен, Шәрiп атаймен бiржола қоштасатынына еш сенгiсi келмедi. Тiптi көк машина үстiне мiнген кезде болып жатқан барлық жай, оқиға әншейiн бiр елес ертегi секiлдi көрiнiп тұрды. Бақыт бастаған бiр топ балалар, қыздар жиналып келгенде ғана көк машинаға тиелген жүктiң ауылдан алыс шалғай сапарға аттанғалы жатқанын айқын ұққандай. Барлығының жүздерiнде бөлекше көңiлсiздiк бар. Былайғы шақта у-ду, күлкi ұшқындап тұратын өңдерiнен қимастық табы аңғарылады. Жүк салысқан бiрлi-жарым ересектер мен ауыл әйелдерi Саяттың әкесiнiң осы тосын тiрлiгiн ұнатпаған сыңайда. Кешелi берi көп ағайындар жиылып Бекбайдың бұлай жұрт ауа көшуiн құп алмап едi. өзiмiз үйлендiрелiк, ел қатарына қосайық деген көп ниетiне түгi сыртына шығып алған қара сұр өңi еш жылымады. Наразы болған кейбiреулерi көмейге
келген ашуларын лақ еткiзiп төге сап, сыртқа шығып кеткен. Бүгiнгi мынау көшке туыстардың аз келуi де сондықтан-ды.
Көбiнiң жүзi жабырқау. Әкесi де қабақ ашпай жүр. Үмiт әжей көз жасын сығып, жылап та алған. Шәрiп атай өз-өзiнен күйгелектенiп, әр нәрсеге бiр кейiп, сiркесi су көтермей жүргенiн Саят тым ерте байқап едi. Құдық басында секiрiп жүрген лақтарды тұра қуып, қолындағы таяқпен жiберiп ұрады.
Кетер шақ та таянған. Азын-аулақ жүк салынып болған соң, әкесi жолға ыңғайлана бастады.
Әкесi үйдiң бұрышына қарай айналып кеткен Шәрiп атайға тақалды. Тiктеп қарауға батпайтындай. Көзiн төменшiктетiп, бәтiңкесiнiң ұшымен жер шұқып бiраз тұрды.
Саят аула iшiнде айналсоқтап жүрдi. Серiк болып қалған Ақтайқары анадай жерде қара ағашқа байлаулы тұр. Ақырын аяңдап қасына барды. Саятты көрген кезде ол мойнын бұрып, құлағын қайшылады.
Саяттың көңiлi босап, оның сауырынан сипады. Құлағының түбiнен қасыды. Қасыған сайын, бұған мойнын бұра түседi.
- өй, ақымақ, қош ендi!
Маңдайынан сипап, басын бауырына басты. Ол да жұмсақ тұмсығын Саяттың бауырына тыға түстi.
Саяттың көзiнен жасы шығып кеттi. Iшi күйiп-жанып барады.
Осы мезетте аяқтың тықыры естiлдi. Ол артына қайрыла қараса, келген Шәрiп атай екен. Көзiне көзi түсiп кеткенде, Саяттың тұла денесi бiр түрлi болып кеттi. Көзiнiң айналасын кiлегей жас торлаған. Сұмдық бiр аяныш толы жүзбен дауысы дiр-дiр етiп:
- Көкешiм, қимай тұрсың-ау, ә! Бауыр басып қалған соң осы да! – дедi.
Сол мезетте ол артына Бекбай тұрған тұсқа қайрыла қарап:
- Әй, Бекбай, мың тiлiмдi алмағанда, бiр тiлiмдi аларсың. Сал мына тайқарды анау машинаңа. Мына баланың меселiн қайтарма. Барған жерiң шүйгiндi, құйқалы көрiнедi ғой. Есейсе көлiк болады, мына балама серiк болады, – дедi.
Шәрiп атай қадала айтты. Қайтымы жоқ, кесiмдi сөз. Бекбай қарсылық қылуға ыңғайлана бастағандай болып едi. Бiрақ әй-шайға қарамастан Ақтайқардың бас жiбiн шешiп жатқан қартты көзi шалғанда, тосылып қалды. Көмекейiне келген сөзiн да айта алмады. өңi күреңiтiп, машинаға қарай бұрыла бердi. Саят әкесiнiң өзiне жақтырмаған кейiппен қарағанын тез аңғарды.
Шәрiп атай мен Yмiт әжей бiр түрлi болып тұрды да, екеуi бiрдей Саятты бауырларына басып, құшақтарына қысты. Әжей бұдан кейiн жаулығының ұшымен көзiн сүртiп, бiраз тұрды.
- Құлыным, аман бол! Есендiкпен көрiселiк! Келiп тұр! – деп бiраз жылы сөздер айтты.
Саят үшiн ең ауыры кабинаға мiну болды. Тұла бойына қорғасын құйып қойғандай ауыр, әрең көтерiлдi.
Машина орнынан қозғала бергенде, ал кеп жыласын… Әкесi дүңк ете қалды.
- Неменеге жылайсың? Ой, жасық неме! Жаман қыздар секiлдi еңкiлдеуiн.
Қой әрi! Екi туып бiр қалғаның ба едi әлгi екеуi.
Шофер күлдi.
- Дұрыс қой. Қайтсiн ендi. Бала болған соң сол да! Шофер жiгiт осылай деп әке аузынан айтылған ауыр сөздiң салмағын жеңiлдеткiсi келдi. Жас жуған жанардың пердесiнен анау таныс үйлер, таныс көшелер көрiндi. Анау Бақыттың үйi. Бағана барғанда хат жазып тұруды қатты тапсырған. Әсия лагерьге кеткен. Жолықпай қалғанына бiртүрлi өкiнiп келедi. Көбiне дүрдiараз болып жүретiн Құралдың өзi мұның бұл ауылдан бiржола кететiндiгiне қынжылған қалып байқатты. Шiркiн, Жаннұр апайды айтсайшы. Оңаша шақырып алып, ақылын айтты, хат жазып тұруды тапсырды.
Сол кiсiдей қызықты қылып, тап сондай әңгiме, ертегi айтатын адам табылар ма?
Буалдыр сағымдай белгiсiз жаққа бел асып бара жатқан бұл сапары бiр сәтке бала көңiлiн желпiнткендей де болды. Мүмкiн, ол жерде мұндағыдан да қызықты жайлардың куәсi болар. Қаншама бейтаныс балалар жолығар әлi-ақ. Саят оларға Жаннұр апайдың тамаша әңгiме, ертектерiн ауыздың суын тамызып тұрып айтып берер. Сонда барлығы бiрдей: «Шiркiн-ай, не деген жақсы апай едi өзi?!» – деп бастарын шайқасар. Ол жақтың балалары да өз беттерiнше көкпар тартып, бәйге жарыс өткiзетiн шығар. Ой, сонда Ақтайқармен бiр өнердi көрсетер едi-ау. Оның енесiнiң екi дүңгiр суды, содан соң Шәрiп атасын қоса көтерiп, үш шақырым жерге белi қайыспай жететiндiгiн айтып тамсандырмай ма?
Ауыл шетiндегi бейiттiң тұсынан машина өте бергенде тура жер астынан шыға келгендей, ұзын құрығын қодаңдатып Құрымбай шыға келдi. Жол үстiнде атын ойқастатып көлденеңдей берген.
- Ой, антұрған-ай! Сайтандай сарт етуiн! – Yнiнде асып-тасқан ризашылық бар. Шофер жiгiт те машина жүрiсiн тежей берген. Ол тоқтар-тоқтамастан-ақ Бекбай кабинадан қарғып түстi.
Сөздерi естiлiп тұрған жоқ. Қолындағы қамшысымен бейiттiң арғы тұсын нұсқайды. Астындағы ала қоржынын жез басты қамшысымен анда-санда бiр нұқиды.
Әкесi берi бұрылғанда, Құрымбай өзi нұсқаған беттi алып, желдiре жөнелдi.
- Анау көгалға қарай жүр! – дедi әкесi шоферға күле иек қағып.
Құрымбай атынан қоржынын ала түстi. Қонышына бүктей тыққан газеттi алып, жерге жайды. өзi қарқ-қарқ күледi.
- Туњ, антұрған, Бекбай-ай, күттiре-күттiре екi көзiмдi төрт қылдың-ау!
- Е, күт! Жау қуып бара жатқан ештеңең жоқ қой!
- Е, сенi қуған ауылдың сарбаздары емеспiз бе. Құдай қаласа, тiзе қосты деген осы. Құрығымыз қолда, несiбемiз жолда емес пе?! Құрымбай көзiн қыса, сақылдай күлдi. Қатар тұрған қос бөтелкенiң бiреуiнiң аузын тiсiмен ашып жатып та сөйлеуiн тоқтатпады.
- Қуылғанның несi жақсы дейсiң, мұнда қуғанды айтсайшы, ә, Бекбай! – Әкесi де ризалық пiшiн танытып, күле сөйлейдi.
- Иә, бәрiнен де соны айт! – өздерi ғана түсiнiсiп, өздерi ғана ұғысатын сөздер. Саят санасына айтылған ойлар айқын жетiп жатқан жоқ.
Құрымбай күс-күс қолымен темiр қалбырдағы май балықты қарбыта асайды.
Екi-үш стақан арақты сiмiре тартып алған соң, көмейдегi сөздiң тиегi ағытылып сала бердi.
- Қайран, Бекбай! Әттең, бағың жанбай жүрген сормаңдайсың да!
Азаматым-ай, бәрiн өз мойныңмен көтергенiң есiмнен кете ме?!
Әкесiнiң маңдайы тершiп, көгал үстiнде шынтақтап жатыр. Анда-санда Құрымбай сөзiн қоштаған ыңғайда, басын жеңiл изеп қояды. Жауап сөзi қысқа. Қалың қасты қабағының астындағы көзi кей сәттерде найзағайдай жарқылдап кетедi. Бiрауық көзiн аударып, бейiт жаққа тесiле қадалып қалды. Саят та сонау күмбездiң қатарында жатқан тұсты назарға алды. Көңiлi жүдеп, жүзi жабырқау тартып сала бердi. «Әкем де сағынған болар», – деп ойлады. Мүмкiн, көрiспей, жүздеспей қалғанына өкiнетiн шығар…
- Әй, Бекбай десе, анау Шалғындыдағы Қонарбайдың аузын ұрып кеткенiмiз есiңде ме едi?
- Ә, әлгi қорасынан айдап кеткендi айтасың ба?
- Иә, ол да бiр дәурен екен ғой, ойлап отырсаң!
- Рас, рас! – Әкесi жадырап сала бердi. – Келшi, сол бiр күндердiң құрметiне!
Үшеуi де қағып салды.
Саят ойланып қалды. Әкесiнiң жүзiнде сағыныштың да, өкiнiштiң де iзi жоқ. Жүрек тұсы әлсiз ғана шаншып ауырғандай. Есiне сары қобдиша түбiндегi хат түстi. Шешесiнiң жүзiндегi ауыр мұң сол қалпымен көз алдына келдi. Үшеуiнiң де ойында түк жоқ. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Олардың не айтып, не қойып жатқаны құлағына толық жетiп жатқан жоқ. Саят өз ойымен өзi болып кеттi. Мұртты, мұртсыз ауыздардың бiр ашылып, бiр жабылып жапқан дамылсыз қимылдары қоймалжың бiр суретке ұласып кететiндей. Ара-тұра ақсиған тiстерi көрiнiп, даң-дұң еткен дыбыстары құлаққа түрпiдей естiледi.
Саят көзiн батар күннiң қызылына боялған бейiттердiң көзге ұрған күмбездерiне, ара-тұра темiр шарбақтары жарқыраған қорым жаққа көз тастады. Көп қоршауды, көп төмпешiктердi жағалап келе жатқан көзi анасы жатқан тұсқа тiрелдi. өзiнен өзi селк еттi. Тап сол тұстан үстiнде ұзын ақ көйлегi бар әлдебiр әйел көрiне бердi. Ақырын басып, үнсiз ғана тап осылар отырған тұсқа қарай аяңдап келе жатты.
«Апыр-ау, мынау менiң апам емес пе?! – өткiр ой басына сарт еттi. – Шынында да мынау апам ғой. Сонда қалай болғаны? өлген адам да тiрiле ме?…»
- Ой, қойшы сен де! Қатын өлдi, қамшының сабы сынды емес пе. Бәрiнен де өз басыңның амандығын айт. О не дегенiң, тәйiрi! Тағы бiр Аяжан табылмай қалар дейсiң бе?
Айтып отырған – Құрымбай. Лепiре сөйлейдi. Қолын әуеде айқұш-ұйқыш сермейдi. өз қиялымен отырған Саят шешесiнiң атын естiгенде шошына селк еттi. Әлгi бiр ғажайып елес сурет қас қағым сәтте ауаға сiңiп жоқ болды. өз құлағына өзi сенбедi. Құлағына ызың үнмен жеткен жат сөздiң астарын толық ұқпады. Бiрақ көкiрек қойнауындағы бiр түйсiк Құрымбай аузынан шыққан сөздiң өзгеше ауыр екенiн ұққандай. Отырған үшеуiнiң жүзiне аңтарыла қарады. Әкесiнiң бурыл шалған бұйра шашы төмен қарай ретсiз сабалақтанып, сыны кете бастаған екен. Көзi кiшiрейiп, танауының ұшы қызара түскен. Шынтақтап жатқан күйi Құрымбайға бөлекше мысқылмен сығырая қарайтын тәрiздi. Әлгi үндемес шофер жiгiт бiр кезде мырс еттi де:
- Пәлi, Бекеннiң ұпайы түгел. Оның несiне тызалақтап отырсыз. Көзi жәудiреген бiр бикеш ауылда күтiп отыр, – дедi.
- Ә, солай ма едi? – Күс алақанымен әкесiнiң жауырынынан бiр қойып, барқыраған дауысымен қарқ-қарқ күлдi.
- Ойпыр-ай, не деген iшмерезсiң, ә? – Yш күннен берi ләм-мим деп тiсiңнен шығарған жоқсың, ә?
Әкесi қабақ астынан жымың-жымың еттi.
- Әп, бәсе-ау, тым тымпиып кеткенiңе қарағанда, iшiңде ала мысық өлiп жатқанын сезгендей болғанмын өзiм де, құй ендеше! Аянатын не қалды. Құсың құтты болсын!
Шофер жiгiт үш стақанға лықылдата құйды. Екеуi соғыстырды да, тартып жiбердi.
Тiптен лепiре сөйлеген Құрымбай Саяттың басын ұйпалап-ұйпалап алды.
- Әй, бала, шеше орнына шешең бар екен. Мына ит әкең ит қой. Әйтпесе маған айтпас па! Қара мұны! Е, бұл ма бұл! Баяғы жортуылда жүргенде жанындағы маған да сырын ашып айта бермейтiн. Ендi кiмдi оңдыртпақ? Құрымбай тағы да қарқ-қарқ күлдi.
Саят басына Құрымбайдың қолы тигенде, денесiн бұлтарта қашыртты.
- Кежiрлiгiң әкеңе тартқан-ау, ә! Тарқылдай күлдi. Аузынан шыққан күлiмсi иiске шыдап тұра алмайсың. Анау үндемес жiгiттiң айтқан сөзi құлағында ызыңдап тұрып алды. Құрымбайдың айтып отырған мынау:
«Шеше орнына шеше…» Көңiл сенбес, құлақ иланбас сөздер секiлдi. Айтылса да айтылмағандай.
Сонда қалай? Кеудесiнде шыр-шыр етiп торға түскен торғайдың халiне ұқсас бiр күдiк, күмәндi күдiк алас ұрып, тыншу табар емес. Сыртқа шығуға, жарықты көруге ұмтылады.
Сонда қалай?
Саят кабинаға мiнген жоқ…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter