Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  415


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

КҮЗГІ ОЙ

Өтеді өмір білгенге,
Жаз өтті, салқын күз келді.
Не жетсін тірі жүргенге,
Кім жоқтар ертең біздерді.
Сарғайып солған жапырақ
Саудырап жерге құлады.
Сап-сары дала, атырап,
Бұйығып бұлттар жылады.
Тізбегін құрып топтасып,
Алысқа құстар жиналды.
Ойнаған кеше от шашып,
Жаз кетті, бітпей күй қалды.
Ызғар да емес, ыссы да,
Тұманға дала оранған.
Көлбеңдеп көзден ұшты да,
Көңілім қалды тоналған.
Бәрі бар, бәрі басымда,
Жоқтан бар іздеп не керек?
Көңілім менің расында,
От іздеп ұшқан көбелек...
01.09.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу