Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  213


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ЖЕТІМДЕРГЕ

Жердегі жетім жыласа,
налыған көкте періште,
Жердегілердің
жағдайын біле бермейсің пейіште.
Жасындар жатыр жарымжан,
жетім көңіл де,
Жарылып кетсе
жарықшақ ұшар тегіске,
Жанары мұңды,
жүрегі жұмсақ. Тек іште.
Жаутаңдап кейде қарайды,
жатынан күтіп мейірім.
Жетім боп әсте туған жоқ,
өмірдің жолы иірім.
Жақын да кейде
жанына жара салса да,
Жатады қимай жаманға,
жаратқан солай пейілін,
Жамандауға да шамаң жоқ,
өзіңнің өскен үйірің.
Жылатпа оны,
онсыз да өмір жылатқан,
Жылатып оны
жетесің қайбір мұратқа,
 Жазығы бар ма,
адасып қалған жасында,
Жауабың бар ма
жетімдер қояр сұраққа?
...Жаутаңдай берем
анашым жатқан қыратқа.
01.05.2014 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу