Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  156


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ӨЛЕҢ ЖАЙЫНДА

Қашаңғы қастарыңда
жүреді екем,
Ойым орман,
қалғанын жүре көрем.
Өлеңмен
ұштастырған өмірімді,
Өлең жазып
отырып бере берем.
Мүмкін бір күн
жарармын керегіңе,
Бойладың ба
жанымның тереңіне?
Бір күн біреу
жанына азық етер,
Әр сөзім
өткен сезім елегінен.
Бәз біреулер
аяусыз сөгер ме екен,
Бәр бәлені
басыма төгер ме екен?
Олар да
мен сияқты қалам алып,
Мен сияқты
қиналып көрер ме екен?
 Бар байлығым,
білсеңдер, өлеңдерім.
Бір күні уақыт
айтар көлемдерін.
Жүрегімнің жылуы,
жанашырым,
Жыласам да,
күлсем де көгендедім.
Менен асқан
бай бар ма айналаңда,
Мінбелерден
салмадым байбаламға.
Дос-жаран,
ағайыным, өлеңдерім,
Сеніміңе сендердің
сай болам ба?
19.03.2013 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу