Өлеңдер ✍️
АУЫЛДАҒЫ КӨКТЕМ
Аға ма екен
жылғалар баяғыдай,
Сағындым ғой,
ауылым, баяндым-ай.
Ақ көбік боп
су тасып Қотыртаста,
Қарасу үй
шетіне таянды ма-ай.
Жалғыз тал
бұрынғыдай мәуелі ме,
Әлде ол да
жылдарға тәуелді ме?
Балам
жігіт болды енді,
Жайқалатын,
Әкем жігіт болғанда,
Әуеліде.
Алыс баздан ағылып,
бұратылып,
Жылқы суға
құлайтын шұбатылып.
Жүген алып
жүгіріп шығатынбыз,
Суға қанып
болғанша тұра тұрып.
Айдыны
жалтыраған Қосқарасу.
Өсірген
жетілдіріп құс баласын.
Қара бала
жүр ме екен жағалауда,
Жалаң аяқ,
күйдірген күнге шашын.
Тал-теректің
арасы көк бүлдірген,
Тікенекті
талғамай көп жүргізген.
Күні бойы
Електе балық сүзіп,
Кешкі самал
әлдилеп көз ілдірген.
Мортық сайға
жаяулап келу арман.
Қойдан бұрын
көк жидек теру арман.
Мортық сиыр
бұл сайда бұзау ертіп.
Баспақ қылып
ауылға ертіп барған.
Сағындым ғой,
қараған жусандарым,.
Көктем келіп
көк-бөктер бусанғаным.
...Жасыл көйлек
киіп ап жастық шағым,
Жеткізбейді
жүйрікпен қусаң-дағы.
27.02.2013 ж.
Астана әуежайы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter