Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.02.2022
162
ІЗДЕДІМ СЕНІ
Есіңде болар,
мен сен деп өмір сүргенмін,
Жабығып кейде,
қуанғанмын да күлгенмін.
Топан су
қаптап қара жер бетін кетсе де,
Қалайды жаным,
өзгермейтінімді білгенің.
Сағыныш күндер
айналып кетті сағымға,
Сары күз келді
сары-ала сырға тағынған.
Санамда менің
сақталып қалған секілді,
Сабылыс күндер
айырған бізді сабырдан.
Толассыз жаңбыр,
тағы да аспан түнерді,
Тоқтаусыз күнде
жоқтайды бізді кім енді.
Тоналған көңіл,
тапталған аяқ астында,
Тани алмадым
баяғы жасыл кілемді.
Сұлу бақ қалды,
көмкерді ақ қар етегін,
Сұлулықтардың
шынымен соры екі елі.
Сары гүл өскен
сайларым қалды қаңырап,
Сезіндім сенсіз
жалғанның мәнсіз екенін.
08.12.2012 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter