Өлеңдер ✍️
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ
Мектебім менің,
Он бір жыл тұрған мекенім.
Өзіңде білдім қуаныш,
шаттық не екенін.
Қимастықпенен
қол бұлғап қалып барасың,
Алыстап енді қасыңнан
мен де кетемін.
Кездесулер мен
қоштасулардан тұратын,
Өмірдің заңын кез келді,
міне, ұғатын.
Басымды ием
алдыңда сенің мектебім,
Парасат үйі,
білім ордасы – шын атың.
Жасаурап тұрмын
жасырып көздің жастарын,
Қош енді, мектеп,
он бір жыл неткен қас-қағым.
Қош енді, ұстаз,
аман-сау болып жүріңдер,
Шәкірті үшін
ағарған қара шаштары.
Күш алып едім
өзіңнің алып күшіңнен,
Қымбатсың, ұстаз,
шәкіртін айтпай түсінген.
Бала күндерім
көз салып маған тұрғандай,
Маңдайыңдағы
әжімдеріңнің ішінен.
Соңғы қоңырау,
соңғы вальстің әуені,
Тербейді үнсіз,
жылатып алып әуелі.
Тал-шыбықтарың
өздерің еккен көктемде,
Тілегім осы
– бау-бақша болғай мәуелі.
17.05.2012 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter