Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  203


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

ТАБЫТ ЖЫРЫ

(Лермонтовтан)
Суық жерді
жастанып мен жатамын,
Жер астынан
өзіңе тіл қатамын.
Махаббаттан
есі ауысқан бишара,
Ұмытқам жоқ.
Бәрі есімде. Не шара?
Сын сағатта
аттап өтіп жарықтан,
Жылу іздеп жүректерден,
жабыққам.
Сұлулыққа
бақидағы таң қалдым,
Тани алмай
келбетіңді сандалдым.
Жаратқанның
рақымын қайтемін,
Жұмағыңның
жасыл бағы қай теңім?!
 Бар қызықты
алып кеткем өзіммен,
Еске түссе
жас тамады көзімнен.
Мәпелеймін
арманымды бұлқынған,
Сағынамын
жанарыңды сыр тұнған.
Өтіп кеттім,
сен жолымда кез келмей,
Қызғанамын
сол баяғы кездердей.
Шаштарыңа
демі жетсе басқаның,
Қиналамын,
өмір неткен қас-қағым.
Сыбырласаң
басқа адамның есімін,
Өртенемін,
мен бейбақты кешіргін.
Тағдыр сені
енді кімге қосады?
Кеткен жанның
сен мәңгілік қосағы.
Қорқыныш бар,
тыныштық бар торлаған,
Білесің ғой,
керегі жоқ ол маған.
25.08.2001 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу