Өлеңдер ✍️

  27.02.2022
  185


Автор: Өтеген Нұрмағамбетов

НАРИДІРГЕН

Қара жолмен екі салт ат келеді,
Бірде аяң, бірде сыпсың желеді.
Асығады отыруға бел шешіп,
Алдан әлі көрінбейді ел шеті.
Жолаушылар бірі мосқал қарт адам,
Екіншісі жастау жігіт шаршаған,
Екеуі де жұпынылау киінген,
Қос домбыра, ер басына ілінген.
Ат терлеген, ұнатады аяңды,
Асыққанмен күн батуға таянды.
Қарт адамға бәрі таныс өскен жер.
Осы маңда болушы еді көшкен ел.
Жол қысқартып серігіне сыр ашты,
Тағы да бір белден өтіп, қыр асты.
Алаңқайда көрші елдің жайлауы,
Киіз үйлер. Белдеуде ат байлаулы.
Абыр-сабыр,
Мал оралған өрістен.
Қуып ойнап, құлын тайлар тебіскен,
Қозы-лақтар енесімен көріскен.
Қазан-ошақ,
Бүлкілдеп ет қайнайды.
Аттың басын бұрмасыңа болмайды.
 Тау ішінде орналасқан жерұйық.
Тыныстауда дауыл тоқтап, жел ұйып.
Қыраттарға иек артып алтын күн,
Сәлем беріп келе жатыр салқын түн
...Осы кезде жан жүректі қозғаған.
Тосыннан бір дауыс шықты боздаған.
Тау басынан аруана келеді,
Шаң көтеріп, ауыл жаққа желеді.
Сай-сүйегің сырқырайды көргенде,
Бота ермеген ертеңгісін өргенде.
Қос жанары ботақанын іздейді,
Үмітінен әсте күдер үзбейді.
Меңірейіп тұлып тұрды белдеуде,
Қарамады өте шықты өр кеуде.
«Ботасының исі ерекше болатын,
Еміренсе бойға қуат толатын».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу