Өлеңдер ✍️
* * *
Елестерге басқа елес ереді,
Есіме алсам көзіме жас келеді.
Өлгенде емес, көмгенде емес,
Адамдар,
Ұмытқанда, шыныменен өледі,
Көңілінде мәңгілікке көмеді.
Болар аруақ бір күндері данамыз,
Қартаяды бесіктегі баламыз.
Ұлы Өмір толқынында кейіндеп,
Ұлы Тарих қойнауында қаламыз.
Қалыптасқан табиғаттың бұл заңын,
Өзгертуге келмес тіпті шамамыз.
Қалауынша заман өзі реттесін,
Толтырамыз өткен күндер жетпесін.
Жақсы, жаман.
Жаратқанның қолында.
Тек өмірің мағынасыз өтпесін,
Тек күндерің зая болып кетпесін.
Осылай деп әкем өмір сүретін,
Осынысын ауыл-аймақ білетін.
Қырық жылдай уақыт өтіп кетсе де,
Ақтанауын әңгіме етіп жүретін.
Ішіп-жеген демейді ме бұйырған,
Қолда жоқта не күтесің қиырдан.
Заманға сай Ақтанауды бір жылы
Алмастырған екі үлкен сиырға.
Өткен өмір – ұмыт қалған түс болған,
Мұндай шешім әкеме де күш болған.
Қайран шеше бақилыққа аттанып,
Амалсыздан атқарылған іс болған.
Сол Ақтанау талай тойда топ жарған,
Талай-талай жарыстарда олжа алған.
Талай рет үстем еткен мерейін,
Бір-ақ күнде мерт болыпты,
О, Жалған!
Жинай алмай бойындағы нар-күшін,
Адыра қап жалпақ жота, тау мүсін.
Жайрап жатыр Ақтанауы, жаутаңдап,
Артқы тұқай қағып түскен алғысын.
Құм қылатын тау-төбені, алапты,
Тағдыр өзі дегеніне салыпты,
Құлап жатқан арғымағын құшақтап,
Өкіргені мәңгі есінде қалыпты.
Өңірдегі дара жұлдыз, дара ай,
Өзге тақым,
Өзге тоқым қаламай,
Өзге жанның ауласында сол күні
Өліп қалды, пышаққа да жарамай,
Өте шықты жан-жүректі жаралай.
«Кешіргейсің Ақтанауым,
Кеш мені?
Дәтім барып қалай ғана шешкенім.
Айтқанына кұлақ асып жатқам жоқ,
Адам емес жануар ғой дескеннің.
Ардағыммен ат кұйрығын кескенмін».
Жылқы көрсем жұлып жеген қияқты,
Жылап алам жиып қойып үятты.
Асыр салған кұлын-тайдың ішінде
Ақтанаулар шауып жүрген сияқты,
Елестетем тыпыршыған тұяқты.
29.04.2011 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter